Испандық ғалымдар адамның күйзеліске ұшырау деңгейін қадағалай алатын құрылғы даярлады

АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат - Мадридтің Политехникалық университетінің зерттеушілері адамның күйзеліске ұшырау деңгейін қадағалауға мүмкіндік беретін құрылғыны әзірлеп шығарды.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, оның жүйесінде физиологиялық дабылдар тіркейтін аппараттық, сондай-ақ нақты уақыт режимінде бұл көрсеткіштерді сараптайтын және адамның көңіл-күйін де білуге мүмкіндік беретін бағдарламалық қамтамасыз ету қарастырылған.

Ғалымдардың пікірінше, құрылғыны көптеген салаларда пайдалануға болады, алайда ол негізінен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істемек.

Бұндай жаңа жүйе жүргізушінің жолда ұйықтап кетуінің алдын алуға және көлікті басқару тәртібін агрессивті ететін күйзеліс жағдайын анықтауға қауқарлы.

Сонымен қатар бұл құрылғы көбінесе адамдармен жұмыс істейтін кеңсе қызметкерлері арасында кеңінен қолданылуы ықтимал.