Испания билігі Шакираны екінші рет айыптады

Фото: Фото: Jakob Polacsek

Колумбиялық әнші Шакира біраз уақыт тұрған Испания билігі оны салық төлеуден жалтарғаны үшін екінші рет айыптап отыр. ҚазАқпарат бұл туралы ВВС басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Испания прокуратурасының айтуынша, ол 2018 жылы өзінің әлемдік El Dorado туры үшін мемлекетке 6,7 млн еуро (шамамен 7 млн доллар) төлемеген, сондай-ақ басқа табысын жасырып қалған.

Билік өкілдерінің ақпараты бойынша, 2018 жылы Шакира Испания салық резиденті болды. Себебі сол кезде бұрынғы жігіті, футболшы Жерар Пикемен Барселонада тұрып жатқан болатын.

Бұл іске қатысты тергеу шілдеде басталғанымен, сейсенбі күні ғана егжей-тегжейлі жарияланды.

RTVE телекомпаниясының айтуынша, 46 жастағы әнші жаңа айыптаулардан хабардар. Бірақ Шакираның қазір тұрып жатқан Майамидегі заң командасы 20 қарашада басталып, 2012-2014 жылдарды қамтитын бірінші іс бойынша сот процесіне дайындалып жатыр, деп хабарлады Reuters.

Бұл істе ол 2012 жылдан 2014 жылға дейінгі аралықта 14,5 млн еуро салық төлемеді деп айыпталды.

Испан билігінің айтуынша, Шакира Испания салық резиденті болған кезде барлық табысынан салық төлеуі керек еді. Бірақ оның орнына әнші оларды «салық мөлшері мен ашықтығы төмен» елдерде тіркелген компанияларға жіберіп отырған.

«Менің дұрыстығымды растайтын дәлел жеткілікті екеніне сенімдімін және әділдік менің жағымда болады деп ойлаймын», - деді Шакира жақында берген сұхбатында.