Испания чемпионатының матчында «Реал» «Барселона» рекордын қайталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Испания чемпионатының төртінші турындағы матчта мадридтік «Реал» «Эспаньол» командасын 2:0 есебімен жеңді. Қатарынан 16 рет жеңіске жеткен Зинедин Зиданнің командасы «Барселона» рекордын қайталады.

Мадридтік «Реал» Испания чемпионатында 16 рет қатарынан жеңіске жетті. Осылайша, мадридтіктер жеңістерінің санымен бес жыл бұрын «Барселона» орнатқан рекордты қайталады. 2010 жылдың қазан айынан 2011 жылдың ақпанына дейін Хосеп Гвардиола басқарған тұста каталониялықтар 16 матчты қатарынан ұтқан еді, деп хабарлайды ресейлік РБК агенттігі.

«Эспаньолға» қарсы матчта «Реал» құрамындағы колумбиялық жартылай қорғаушы Хамес Родригес пен француздық шабуылшы Карим Бензема гол соқты. Олар негізгі құрамда алғаш рет алаңға шығып отыр. Команданың бас бапкері Зинедин Зидан салқын тиіп ауырып қалған Криштиану Роналду мен санын жарақаттап алған Гарет Бэйлды запаста қалдырды. 


Фото: Urbanandsport/ZUMAPRESS/ Global Look Press