Испания экономикасы өскенімен, халықтың көңіл-күйі нашарлаған

Фото: DW

АСТАНА. KAZINFORM – Испания экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отырғанына қарамастан, ел тұрғындарының жартысынан көбі өздерін бұрынғыдан нашар сезінетінін айтады, деп жазды Еuronews.

Сарапшылардың мәліметінше, елдегі жалпы ішкі өнім өсімі еуроаймақтың орташа деңгейінен жоғары, ал жұмыссыздық соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткішке жеткен. Халықаралық валюта қоры Испания экономикасының тұрақтылығын атап өтсе де, оны сақтау үшін құрылымдық реформалар қажет екенін ескертеді.

Алайда бұл оң көрсеткіштер қарапайым азаматтардың өмір сапасына айтарлықтай әсер етпеген. Horizons зерттеуіне сәйкес, испандықтардың 54,9%-ы ел қазіргі таңда 10 жыл бұрынғыдан әлдеқайда әл-ауқаты төмен деп санайды, ал 60,4%-ы қауіпсіздік деңгейі нашарлағанын айтқан.

Тұрғындарды алаңдататын басты мәселелер – өмір сүру құны мен тұрғын үй бағасы. Сауалнамаға қатысқандардың 53,8%-ы қымбатшылықты негізгі проблема ретінде көрсетсе, 42,9%-ы баспана мәселесін атаған.

Зерттеуде Испания инновация мен гендерлік теңдік саласында ілгерілеу байқатқанымен, халықтың тұрмыс деңгейі, әлеуметтік бірлік және мемлекеттік институттарға деген сенім бойынша жағдай күрделі күйде қалып отырғаны айтылған.

Сонымен қатар, сауалнама нәтижелері қоғамдағы сенім дағдарысын да көрсетті: респонденттердің 65%-ы демократия олардың мүддесін толық қорғамайды деп есептейді, ал 67%-ы қоғам бұрынғыдан да бөлшектенгенін атап өткен.

Ғаламдық деңгейдегі тұрақсыздық та халықтың көңіл-күйіне әсер етуде. Испандықтардың 81,8%-ы қазіргі әлемді тұрақсыз деп бағалап, болашақта экономикалық және геосаяси тәуекелдер күшейеді деп болжап отыр.

Мұндай жағдайда азаматтар шығындарын азайтып, қарыз алудан бас тартып, қауіпсіз шешімдерге басымдық бере бастаған.

Айта кетейік, Испания премьер-министрінің зайыбына сыбайлас жемқорлық жасады деген айып тағылды.