АСТАНА. ҚазАқпарат - Испания құрамасы UEFA Ұлттар лигасының чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Испаниялық құрама финалда Хорватиямен шеберлік байқасты.
Ойынның негізгі кезеңінде қарсыластар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Овертаймда да жеңімпаз анықталмады.
Пенальти сериясында испан футболшылары қарсыласынан 5:4 есебімен басым түсіп, аталған турнирдің жаңа жеңімпазы болды.
Ал үшінші орын үшін сайыста Италия құрамасы Нидерландты 3:2 есебімен тізе бүктіріп, қола жүлдеге қол созды.
Айта кетсек, Ұлттар лигасында қазірге дейін 2019 жылы Португалия, 2021 жылы Франция чемпион атанған.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы В дивизионына жолдамаға қол жеткізді.
Қазақстандық футболшылар С лигасы үшінші тобында Словакия, Әзербайжан және Беларусь құрамаларымен сынға түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.