Испания метеоқызметі жаңа өрт қаупі туралы ескертті
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл сенбіде Испанияда қайтадан өрт басталды: екінші деңгейлі 13 ошақ Кастилия-Леон, Галисия және Астурия аймақтарында тіркелді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Сонымен қатар Испанияның мемлекеттік метеорологиялық агенттігі (Aemet) түбектің солтүстік-батысы мен оңтүстігінде «өте жоғары немесе экстремалды» өрт қаупі бар екенін ескертіп, аса сақ болуға шақырды.
Еуропаның орман өрттері туралы ақпарат жүйесінің деректеріне сүйенсек, елде екі аптадан бері жалғасып жатқан өрт 407 мың гектардан астам аумақты жойып жіберген.
Тек Галисияның өзінде, Испанияның орман шаруашылығы агенттігі (Aemet) солтүстікте аздаған жаңбыр күтілетінін болжағанына қарамастан, шамамен 90 мың гектар жер отқа оранды.
Осы уақытта Испания билігі орын алған өрттерге жеке тұлғалардың қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мемлекеттік үйлестіру комитетінің (CECOD) орман өрттерінің шығу себептері туралы соңғы есебіне сәйкес, 1 маусымнан 22 тамызға дейінгі кезеңде басталған өрттерге байланысты барлығы 42 адам қамауға алынып, 132 адамға қатысты тергеу жүргізілуде. Қамауға алынғандардың 11-ін Ұлттық полиция, 31-ін Азаматтық гвардия ұстаған. Ал тергеу Ұлттық полиция тарапынан 23 адамға, Азаматтық гвардия тарапынан 109 адамға қатысты жүргізіліп жатыр.
Бұл көрсеткіштер: климаттың өзгеруіне жергілікті билік жиі назар аударғанымен, апаттың негізгі көздерінің бірі әлі де адам факторы болып отырғанын көрсетеді.
Айта кетелік Испаниядағы орман өрті ауыл шаруашылығына 600 млн еуро шығын келтірді.