Испания миграциялық заңнаманы Сеутадағы дағдарыс аясында реформалайды

АСТАНА. KAZINFORM — Испания үкіметі 25 тамызда көші-қон және баспана беру саласындағы заңнаманы реформалауға бағытталған заң жобасының алдын ала нұсқасын мақұлдады. Құжат ұлттық заңнаманы Еуропалық Одақтың көші-қон жөніндегі жаңа пактісіне сәйкестендіруді көздейді. Бұл туралы Euronews жазды.

Фото: Ceuta Migration Crisis

Сол отырыста Министрлер кеңесі Сеутадағы көші-қон дағдарысына байланысты жағдайды үйлестіру үшін бірыңғай басқару органын құруды ресми түрде бекітті. Дағдарыс 30 және 31 шілдеде мигранттардың жаппай ағылуынан кейін күрт шиеленіскен. Билік мәліметінше, сол кезде қалаға шамамен 80 мың адам кірген.

Жаңа құрылымды аумақтық саясат және демократиялық жад министрі Анхель Виктор Торрес басқарады. Оның құрамына Сеута үкіметінің басшысы Хуан Хесус Вивас, қаладағы үкімет өкілі Мигель Анхель Перес Триано, сондай-ақ Ұлттық барлау орталығының өкілдері кіреді.

Үкімет отырысының алдында премьер-министр Педро Санчес Ұлттық қауіпсіздік кеңесін шақырды. Бұл Сеутадағы жағдайды ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселе ретінде ресми тану және кейіннен бірыңғай басқару органын құру үшін қажет болған.

Бұл шешім дағдарыс басталғаннан кейін бір айға жуық уақыт өткен соң қабылданып отыр. Бұған дейін оппозиция билікті қажетті шараларды қабылдауды созып жіберді деп сынаған болатын. Сеута басшысы Хуан Хесус Вивас та жаппай миграция ағымының салдарын жергілікті билік өз күшімен еңсере алмай отырғанын айтып, орталық үкіметті жағдайды бақылауға алуға шақырған.

Бірінші вице-премьер әрі экономика министрі Карлос Куэрпо бұған дейін бірыңғай басқару органының құрылуын дағдарысқа қарсы іс-қимылдың «үшінші кезеңі» деп атаған. Оның айтуынша, алғашқы кезеңде билік мигранттар ағынын тежеуге, екінші кезеңде гуманитарлық көмек көрсетуге және келген адамдардың өз еркімен елдеріне қайтуын ұйымдастыруға басымдық берген.

Куэрпоның мәліметінше, Сеута шекарасын заңсыз кесіп өткен адамдардың 90 пайыздан астамы қазірдің өзінде өз еркімен шыққан елдеріне қайтып кеткен.

Енді билік алдында Испанияда қалуға заңды құқығы жоқ адамдарды елдеріне қайтару, кәмелетке толмағандар мен халықаралық қорғауға үміткерлердің істерін жедел қарау, сондай-ақ Сеутаның экономикасы мен әлеуметтік саласын қалпына келтіру міндеттері тұр.

Сонымен қатар мақұлданған заң жобасы тек Сеутаға ғана емес, Испанияның басқа да өңірлеріне қатысты өзгерістерді қарастырады. Құжатта мигранттарды алдын ала іріктеудің жалпы еуропалық рәсімін енгізу көзделген. Бұл тәртіп Канар аралдарының жағалауында, сондай-ақ Сеута мен Мелилья шекараларында қолданылады.

Заң жобасындағы негізгі өзгерістердің бірі — халықаралық қорғау туралы өтініштерді тікелей шекарада қарауға мүмкіндік беретін, 12 аптаға дейін созылатын шекаралық рәсім. Сонымен бірге Сеутаға қажетті инфрақұрылымды дамыту үшін 25 млн еуро бөлу жоспарланып отыр.

Билік миграциялық дағдарыстан кейін Сеутаны қалпына келтіруге арналған жеке экономикалық көмек пакетін де әзірлеп жатыр. Куэрпоның айтуынша, оның көлемі шамамен 180 млн еуроны құрауы мүмкін. Қаражат жергілікті бизнесті қолдауға және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кешенді жоспарды кеңейтуге бағытталады.

Алайда бұл көмек пакеті бойынша түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ. Оны алдағы бірнеше аптада келісу жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мароккода мигранттардың Испания бақылауындағы Сеутаға жаппай өту әрекеті тоқтатылды.