Испания НАТО-ның әскери шығындарды ұлғайту талабын қолдамады

Фото: Азертадж

АСТАНА. KAZINFORM — Испания НАТО-ның әскери шығындарды ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін арттыру туралы ұсынысын қабылдамады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Испания Үкіметі НАТО Бас хатшысы Марк Рюттенің алдағы альянс саммитінде қорғанысқа жұмсалатын шығындарды ішкі жалпы өнімнің (ЖІӨ) 5 пайызына дейін арттыру туралы ұсынысынан бас тартты.

RTVE телерадиокорпорациясының хабарлауынша, бұл туралы Испания Корольдігінің премьер-министрі Педро Санчес арнайы хатта мәлім еткен. Үкімет басшысы мұндай міндеттемені негізсіз әрі тиімсіз деп бағалады. Сонымен қатар, ол НАТО-ға мүше әр ел әскери шығындарын арттыру туралы шешімді өз бетінше қабылдай алатынын атап өтті.

Соған қарамастан, премьер-министр Испанияның НАТО алдындағы толық адалдығын растап, елдің «алдағы жылдары өз міндетін атқаруын жалғастыратынын» және «Еуропаның қауіпсіздік архитектурасына белсенді үлес қоса беретінін» айтты.

Осыған дейін хабарланғандай, Еуропа елдері қорғанысты күшейтетеді. Мәселен НАТО-ның 22 мемлекеті ішкі жалпы өнімнің 2 пайызын бөлген.