Испания үкіметі Сеутадағы миграциялық дағдарысқа қатысты құрбандар саны жөніндегі мәліметті жаңартты.
Автономиялық қала үкіметінің өкілі Мигель Анхель Перес Трианоның айтуынша, теңізден тағы бірнеше адамның мәйіті шығарылғаннан кейін қаза тапқандар саны 72-ге жеткен.
Испания билігінің мәліметінше, құтқарушылар Сеута жағалауындағы теңіз аумағында хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуді жалғастырып жатыр.
Ал Марокконың AMDH құқық қорғау ұйымы құрбандар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Ұйымның бағалауынша, қаза тапқандар саны шамамен 130 адамға жетуі ықтимал, ал ондаған адам әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында. AMDH жаппай көші-қонның себептерін тәуелсіз тергеп, жауаптыларды анықтауға шақырды.
Апта басынан бері шамамен 60 мың адам Мароккодан Сеутаға теңіз және құрлық арқылы жетуге әрекет жасаған. Олардың көпшілігі автокөлік шиналары мен үрлемелі шеңберлер сияқты қолдан жасалған жүзу құралдарын пайдаланған. Испания Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, келгендердің басым бөлігі – жасы 30-ға толмаған жастар.
Дағдарысқа байланысты Испания билігі 2021 жылдан бері алғаш рет қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Сеутаға әскери қызметкерлерді жіберді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, мигранттардың басым бөлігі Марокко аумағына қайтарылған. Алайда олардың жаппай ағылуына не себеп болғаны әлі де талқыланып жатыр.
Испания премьер-министрі Педро Санчес болған оқиғаны шекара ашылды деп адам тасымалдаушылар таратқан қауесеттермен байланыстырды. Сонымен қатар бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Испания Жоғарғы сотының теңізде ұсталған заңсыз мигранттарды жедел қайтару тәртібін шектеген шешімінен кейін көші-қон ағыны күшейген болуы мүмкін деген болжам айтып отыр.
Қайғылы оқиғадан кейін Испания билігі шекара инфрақұрылымын күшейтуге кірісті. Сеута маңындағы теңіз шекарасында ұзындығы 500 метр болатын қалқымалы бөгет пен якорьге бекітілген қалқымалар желісін орнату басталды. Бұл жаңа заңсыз шекара бұзу әрекеттерінің алдын алуға бағытталған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сеутадағы жаппай миграциялық дағдарыстан кейін өңірде қоғамдық тәртіптің біртіндеп қалпына келе бастағаны хабарланған болатын.