Испания шетелдіктерді жаппай заңдастырды: бұл мүмкіндік пе, қауіп пе

Фото: DW

АСТАНА. KAZINFORM – Испания министрлер кеңесі 27 қаңтарда ел аумағында заңсыз жүрген шетел азаматтарына 2026 жылғы сәуір-маусым айлары аралығында жұмыс істеу құқығымен уақытша тұруға рұқсат алуға мүмкіндік беретін «төтенше заң-декретті» мақұлдады, деп хабарлайды DW.

Биліктің мәліметінше, бұл шара шамамен жарты миллион адамды қамтиды. Ал тәуелсіз дереккөздер Испанияда заңсыз жүрген мигранттар саны 1 миллионға жуық екенін айтады.

Оппозиция жаппай заңдастыру елдегі онсыз да күрделі әлеуметтік мәселелерді ушықтыруы мүмкін деп ескертеді.

– Испаниядағы заңсыз мигранттардың басым бөлігін Латын Америкасы мен Африка елдерінен келгендер құрайды. Жаңа заң ең алдымен осы топтарға қатысты, – деп түсіндірді миграция жөніндегі адвокат Анхела Гарсия.

Оның айтуынша, бұл шарамен негізінен «экономикалық мигранттар» қамтылған, алайда декретті Испаниядан пана іздеп жүргендер де пайдалана алады.

Қазіргі таңда саяси баспана беру рәсімі өте баяу жүріп жатыр, өтініш күтіп отырғандардың арасында жүздеген Ресей азаматы бар. Енді билік барлық өтінішті үш айдың ішінде қарауға, ал жұмыс істеу құқығын құжат тапсырғаннан кейін ең көбі 15 күн ішінде беруге уәде етіп отыр.

– Бұл бастама төтенше декрет ретінде қабылданғандықтан, парламенттің мақұлдауын қажет етпейді. Ал парламентте бұл құжатқа қарсы шығатындар аз емес, – дейді саясаттанушы Хосе Мария Фернандес.

Ол жаңа заң көпшілік үшін «тосын шешім» болғанын жеткізді. Қарсы тарап өкілдері бұл қадам тегін медициналық қызмет көрсету жүйесінің шамадан тыс жүктелуіне, әлеуметтік қорларға шетелдіктердің жаппай қол жеткізуіне, тұрғын үй дағдарысының ушығуына және мигранттық геттолардың қалыптасуына әкелуі мүмкін деп қауіптенеді.

Либералды-консервативті оппозиция шетелдіктерді жаппай заңдастыру туралы декретті «заңсыз» деп атап, оның Еуроодақтың баспана беру туралы пактісін бұзатынын мәлімдеді. Ал ультраоңшыл Vox партиясы бұл заңды Жоғарғы сотта даулауға уәде берді.

Айта кетейік, бұған дейін Испанияда мигранттарды заңдастырудың жаңа бағдарламасы іске қосылатыны хабарланды.