Бұл жөнінде үкімет басшысы 4 қарашада Паласио-де-ла-Монклоа сарайында жасаған ресми мәлімдемесінде айтты. П.Санчес қабылданған шешім туралы король VI Фелипке мәлімдеген. Ал тағайындау король жарлығымен рәсімделіп, сол күні мемлекеттік ресми бюллетеньде жарияланады.
— Вице-президент Куэрпо осы заң шығару кезеңінде басқару қабілетімен, табандылығымен және биік адамгершілік қасиеттерімен көзге түсті. Мұндай қасиет қазіргі саясатымыз бен еліміз үшін аса маңызды. Сондықтан оның министр Пуэнте бастаған реформаларды жалғастырып, жұмысты абыроймен атқаратынына сенімдімін, — деді Педро Санчес.
К.Куэрпо қазіргі өкілеттігін сақтап, 29 қарашада өтетін жалпы сайлаудан кейін жаңа үкімет құрылғанға дейін екі министрлікті қатар басқарады. Премьер-министр сайлауға аз уақыт қалғандықтан, жаңа министрді тұрақты қызметке тағайындамай, ведомствоны уақытша басқаруды үкіметтің қазіргі мүшелерінің біріне жүктеу туралы шешім қабылданғанын айтты.
Бұл шешім Көлік министрі Оскар Пуэнтенің 3 қарашада Конгрессте отставкаға кетуіне байланысты қабылданды. Ол 28 қазанда Толедо провинциясындағы Урде қаласында Renfe және Iryo пойыздары соқтығысып, 69 адамның өмірін қиған теміржол апатынан кейін қызметтен кетуді жөн көрген. Министр бұл қадамын апат құрбандарына жанашырлық таныту, өз ұстанымына беріктік пен саяси абыройды сақтау ниетімен түсіндірді.
Айта кетейік, бұл — 2026 жылы Мадрид — Андалусия жоғары жылдамдықты теміржол желісінде болған екінші ірі апат. Бұған дейін қаңтар айында Адамус қаласында пойыз апатынан 46 адам қаза тапқан еді.
Педро Санчес Оскар Пуэнтенің отставкасын ризашылықпен қабылдап, оның бұл шешімін құрметтейтінін айтты. Сондай-ақ министрдің қызметтен кетуі Испанияда теміржол жүйесіне ғана емес, саяси жауапкершілікке деген сенімді де нығайтуға жол ашатынын атап өтті.
2023 жылдың желтоқсанынан бері үкіметтің экономикалық блогын басқаратын К.Куэрпо енді апаттан зардап шеккендерге көмек көрсетіп, жоғары жылдамдықты теміржол қатынасын қалпына келтірумен айналысады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Испаниядағы пойыз апатынан қаза тапқан 56 адамның аты-жөні анықталғанын хабарлаған болатынбыз.