«Әйелдер мен қызметшілер» («Mujeres y criados») деп аталатын пьесаны Сиракуз университетінің профессоры Алехандро Гарсия Реиди тауып алған. «Қала комедиясы» жанрында жазылған туынды Мадридті мекендеген апалы-сіңілі екі әйел мен олардың күйеу жігіттері, қызметшілері туралы баяндайды.
Манускрипт кітапханада 1886 жылдан бері сақталып келеді екен, ол мұнда герцог Осунның мұрағатынан келіп түскен. Осы уақытқа дейін шамамен 1631 жылы жазылған қолжазба Лопенің есімімен байланыстырылмаған еді. Зерттеушілердің айтуынша, қолжазба XVII ғасырдағы белгілі антрепренер Педро Вальдес қағазға түсірген деп болжанған тізімнен құралады.
Кітапхана қызметкерлері жақын арада сайтта қолжазбаның толық нұсқасын жариялайды. Сондай-ақ шығарманы баспадан шығару да жоспарлануда. 2014 жылдың күзінде испандық «алтын» ғасырдағы пьесаларды сахналайтын Fundacion Siglo de Oro театр труппасы бұл туындыны да сахна төрінен көпшілік назарына ұсынады.
Испандық драматург, ақын әрі прозашы Лопе де Вега (1562-1635) екі мыңнан астам пьесаның авторы болған, біздің ғасырымызға оның тек 425-і ғана жеткен. Испан театрының «алтын» кезеңін драматургтың есімімен байланыстырады. Лопенің көптеген туындылары күні бүгінге дейін әлем театрларының сахналарында қойылып жүр.