Испанияда аптап ыстық соңғы екі айда 1180 адамның өмірін жалмады
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы екі айда Испанияда ауа температурасының көтерілуі 1180 адамның өліміне себеп болды. Бұл туралы еуропалық елдің қоршаған орта министрлігі мәлімдеді.
Испаниялық дереккөздердің хабарлауынша, көз жұмғандардың басым көпшілігі — 65 жастан асқан адамдар, олардың жартысынан көбі — әйелдер. Ең көп зардап шеккен өңірлер — елдің солтүстігінде орналасқан Галисия, Ла-Риоха, Астурия және Кантабрия. Бұл аймақтарда дәстүрлі түрде жаз мезгілінде температура төмен болатын, алайда соңғы жылдары күн күрт ысып кеткен.
Батыс Еуропаның өзге де елдері сияқты, Испания да соңғы апталарда аптап ыстықтан зардап шекті. Температура 40°C-тан (Фаренгейт бойынша 104 °F) жиі асып отырды.
Қоршаған орта министрлігі Карлос ІІІ атындағы денсаулық сақтау институтының деректеріне сүйене отырып, биыл 16 мамыр мен 13 шілде аралығында ыстыққа байланысты 1180 адам қайтыс болғанын мәлімдеді. Ал былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш небәрі 114 адамды құраған.
— Бұл — орташа температураның бұрын-соңды болмаған деңгейде көтерілуімен және аптап ыстықтың салдарынан өлім-жітімнің күрт артуымен сипатталатын ерекше жағдай, — делінген министрліктің хабарламасында.
Аталған кезеңде 76 рет аптап ыстыққа байланысты ескерту жарияланған. Былтыр дәл осындай кезеңде бірде-бір ескерту болмаған.
Өткен жазда Карлос ІІІ атындағы институттың деректері бойынша, Испанияда аптап ыстыққа байланысты 2191 адам көз жұмған. Бұл көрсеткіш биылғы өсіммен ұштасып отыр.
Бұған дейін, 9 шілдеде жарияланған ғылыми зерттеу бойынша, 2 шілдеге дейінгі 10 күн ішінде Еуропаның 12 қаласында аптап ыстық салдарынан шамамен 2300 адам қайтыс болған.