Испанияда аптап ыстықтан жүзім жинау биыл өте ерте басталды

АСТАНА. KAZINFORM - Испанияда аптап ыстыққа байланысты жүзім жинау науқаны ел тарихында алғаш рет осыншалықты ерте басталды. Каталония өңірінде шаруалар жүзім жинауға 22 шілдеде кірісті, деп хабарлайды AZERTAC .

Фото: АЗЕРТАДЖ

Жоғары температура жүзімнің әдеттегіден әлдеқайда жылдам пісуіне себеп болды. Осыған байланысты шарап өндірушілер өнімді ертерек жинамақ.

Қазір Каталонияда күндіз ауа температурасы 35-45 градусқа дейін көтеріледі.

Reuters Climate Monitor мәліметінше, Барселонада шілдедегі орташа температура 65 жыл бұрынғы көрсеткіштен шамамен 6 градусқа жоғары.

Аптап ыстық жүзім жинаушылардың жұмысын қиындатты. Жұмысшылар қараңғыда еңбек ету үшін маңдайшам тағып, жүзім бұтақтарын секатормен кесуге мәжбүр.

Каталониялық шарап өндіруші Reuters агенттігіне берген сұхбатында кейбір жұмысшылардың денсаулығына байланысты қиындықтар туындағанын айтты.

Шарап өндірушілер алдағы жылдары жүзімді әдеттегіден әлдеқайда ерте жинау жағдайы жиілейді деп болжап отыр.

Жүзімді ерте жинау – климаттың өзгеруіне байланысты Еуропадағы жүзім шаруашылығының жағдайға бейімделуінің бір мысалы.

Еуропаның түрлі шарап өндіретін өңірлерінде температураның жоғарылауы мен құрғақшылық жүзімнің ерте пісуіне әсер етіп отыр.

Жаһандық жылыну Нидерландтағы жүзім өсірушілерге де ықпал етіп отыр.

Алайда бұл елдегі шарап өндірушілер үшін жылы климаттың пайдасы бар. Жоғары температура жүзімнің жақсы пісуіне мүмкіндік береді.

Осының нәтижесінде соңғы жылдары Нидерландта шарап өндірісі саласы қарқынды дамып келеді.

Осыған дейін Сербия мен Хорватияда аптап ыстықтың жаңа толқыны басталғаны туралы жаздық.

https://kaz.inform.kz/news/serbiya-men-horvatiyada-aptap-istiktin-zhana-tolkini-bastaldi-a3d3f8a4