Мұндағы мақсат – бір рет қолданылатын пластик қаптамаларды пайдалануды азайту.
«Егер тұтынушы қалап тұрса, алған тауарды өзі әкелетін ыдысқа салып жатырмыз. Еш қиындық жоқ! Алдымен ыдысын өлшейміз, содан кейін олар қанша өнім қажет болса, сонша алады», - дейді шағын дүкеннің иесі. Оның клиенттерінің бірі азық-түлік дүкеніне барғанда өзімен бірге үнемі бірнеше сөмке алып жүретінін айтты.
Испандық дистрибьюторлар, өзіне-өзі қызмет көрсететін дүкендер және супермаркеттер қауымдастығы (ASEDAS) қаптаманың таза болуы керектігін еске салып, азық-түлік салуға кез келген контейнер жарай қоймайтынын ескертуде.
«Супермаркеттер, егер контейнер қолайлы емес деп есептесе, тұтынушы әкелген ыдыстан бас тарта алады. Әр компанияның өз талаптары болады», - деп түсіндірді ASEDA азық-түлік қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Мария Мартинес Эррера.
Испандық сатып алушылардың жартысы дерлік бұл бастаманы қолдап отыр, бірақ енді өнімнің қауіпсіздігіне тұтынушылар да жауапты.
Супермаркеттердің жаңа заңнамаға бейімделуі үшін алты ай уақыты бар.