Испанияда бір тәулікке жалғасатын жалпыхалықтық ереуіл өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Испанияда тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз ету және жалақыны көтеру талабымен 24 сағаттық жалпыхалықтық ереуіл өтеді, деп хабарлайды ТАСС.

Фото: Juan Barbosa/REUTERS

Ереуіл күні елдің түрлі қалаларында наразылық шерулері ұйымдастырылады. Акцияны екі ірі кәсіподақ бірлестігі — Жұмысшылар комиссиялары кәсіподақ конфедерациясы (CC OO) мен Жалпы еңбекшілер одағы (UGT) қолдады.

Ереуіл өткізу туралы шешім қазан айында Испанияда тұрғын үй дағдарысына қарсы наразылық акциялары өтіп жатқан кезде жарияланған. Жалпыхалықтық ереуіл 29 қарашаға белгіленген кезектен тыс парламент сайлауына екі жарым апта қалғанда ұйымдастырылып отыр.

Жұмысшылар комиссиялары кәсіподақ конфедерациясы өкілдерінің айтуынша, қазіргі жалақы күнделікті өмір сүруге жетпейді. Баспанаға алу қиындаған, ал бағаның өсуі халық табысының көп бөлігін құрап отыр.

— Көп компанияның табысы артып жатқанымен, жұмысшылардың едәуір бөлігі әлі де мардымсыз жалақы алады. Тұрғын үй мәселесі теңсіздіктің негізгі себептерінің біріне айналды, — деп мәлімдеді кәсіподақ.

Ұйым өкілдері жалақыны көтеруді, әр азаматтың баспанаға қол жеткізу құқығын қамтамасыз ететін тұрғын үй саясатын жүргізуді, мемлекеттік қызметтер жүйесін нығайтуды және зейнетақыны лайықты деңгейге жеткізуді талап етті. Сондай-ақ жұмысшылардың денсаулығы сыр берген жағдайда да жұмысын жалғастыруға мәжбүр болмайтындай еңбек жағдайын жасауды ұсынды.

UGT кәсіподағы да осыған ұқсас талаптар қойды. Ұйым өкілдерінің пікірінше, баға өсіп, мыңдаған адам баспанаға қол жеткізе алмай отыр. Ал компаниялардың табысы жұмысшылардың есебінен артып келеді.

Кәсіподақ 2027 жылы ең төменгі жалақыны кемінде 7 пайызға көтеруді ұсынды. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік нарығындағы алыпсатарлыққа қарсы шаралар қабылдап, халықтың лайықты баспанаға қол жеткізуін қамтамасыз етуді талап етті.

Испания билігі ереуіл кезінде де жұмысын жалғастыруға тиіс маңызды салалар мен қызметкерлердің ең төменгі санын белгіледі. Кейбір мекеме қызметкерлері наразылық акциясына қарамастан жұмысқа шығуға міндетті.

Айта кетейік, Мадридте 87 жастағы Марикармен Абаскаль 70 жылдан астам уақыт тұрған пәтерінен қуылғаннан кейін Испанияда жаппай наразылық туындап, ел үкіметі тұрғын үй нарығындағы дағдарысты реттеудің жоспарын әзірледі.

Ал бір аптадан аса уақыттан соң елдегі жаппай наразылыққа себепші болған 87 жастағы кейуана қайтыс болды.

Бұған дейін Испания премьер-министрі жаппай наразылықтан кейін кезектен тыс сайлау жариялады. Сайлау 29 қарашада өтуі тиіс.