Испанияда құны 800 млн еуродан асатын кокаин тиелген кеме ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM - Испанияның Азаматтық гвардиясы Батыс Сахара жағалауында Arconian жүк кемесін қолға түсірді. Кеме бортынан 30 тонна кокаин, қару-жарақ пен оқ-дәрі табылған, деп хабарлайды BILD .

Фото: BILD

Испания сотының мәліметінше, операция 1 мамырда жүргізілген. Алайда бұл туралы ақпарат бүгін ғана жария болды.

Кеме Комор аралдарының туымен жүрген. Ол Сьерра-Леонеден Ливияға бағыт алған. Бірақ тергеушілер бұл маршрут шын бағытты жасыру үшін қолданылған деп есептейді.

Ұсталған кеме Канар аралдарындағы Лас-Пальмас портына жеткізілді.

Портта тәркіленген есірткі салынған мыңнан астам пакет арнайы нөмірленіп, айғақ ретінде қойылған.

Испания билігі тәркіленген кокаиннің құнын 812 млн еуроға бағалап отыр. Алайда сарапшылар оның қара нарықтағы бағасы бұдан да жоғары болуы мүмкін екенін айтады.

Испания құқық қорғау органдары бұл оқиғаны Еуропадағы ең ірі есірткі тәркілеу операциясы деп отыр.

Тергеу нұсқасына сәйкес, кокаин Оңтүстік Америкадан жеткізілген болуы мүмкін.

Экипаж есірткіні ашық теңізде шағын моторлы қайықтарға тиеп, кейін Испания аумағына жеткізуді жоспарлаған деген болжам бар.

Кемеде болған 23 теңізшінің кейбірі операция кезінде жасырынуға тырысқан.

Қазір экипаждың барлық мүшесі қамауға алынған.

Олардың арасында Нидерланд, Суринам және Филиппин азаматтары бар.

Осыған дейін Шри-Ланкада 112 кг есірткі тасымалдаған 22 монах ұсталғаны туралы жаздық.