Испанияда марокколық есірткі картеліне тиесілі жерасты туннелі табылды

Фото: Pen News

АСТАНА. KAZINFORM — Испания полициясы Марокко мен Солтүстік Африканы байланыстыратын күрделі жерасты туннельдер желісін анықтады. Онда 17 тоннадан астам гашиш, 88 келі кокаин, шамамен 1,4 миллион еуро және бірнеше қымбат көлік тәркіленді, деп хабарлайды DW.

Өткелдер 19 метр тереңдікте орналасқан, ал Испания аумағындағы кіреберіс мұқият жасырылған, оған өту үшін үйдегі тоңазытқышты жылжыту қажет. Құқық қорғау органдары табылған құрылымды көп деңгейлі «лабиринт» деп сипаттады. 

Есірткіні жерасты арқылы тасымалдау үшін вагонеткалар, рельстер және көтеру механизмдері қолданылған.

Туннель үш деңгейлі күрделі құрылымнан тұрады. Оған өту үшін жердің астына тік түсіп, есірткі жиналып, таратылатын аралық камера арқылы Мароккоға апаратын негізгі өткелге жетеді. Барлық инфрақұрылым көтеру механизмі жүйесімен және жерасты суларын соруға арналған сорғылармен жабдықталған. 

Операцияға 250-ге жуық полиция қызметкері қатысты. Нәтижесінде 27 адам ұсталып, 17 тоннадан астам гашиш пен 88 келі кокаин тәркіленді. Сондай-ақ шамамен 1,4 миллион еуро қолма-қол ақша алынды. Сонымен қатар, ондаған байланыс құралдары мен бірнеше премиум көліктер тәркіленді.

Тергеу 2025 жылдың ақпан айында басталып, бірнеше кезеңнен өткені атап өтілді. Тергеу мәліметтері бойынша қылмыстық топты екі адам басқарған.

Мароккода ұсталған олардың бірі «есірткі сәулетшісі» және «туннель шебері» деген лақап атқа ие болған. Ол жерасты маршруттарын жасады деп күдікке ілінді. Екіншісі Сеутада жұмыс істеп, сонда жеткізілімдерді үйлестіріп, мәмілелер жасаған. Тергеушілер есірткінің тәркіленген партиясы екінші күдіктіге тиесілі деп санайды.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлытау облысында ірі есірткі жеткізу арнасы жойылғаны туралы жазған болатынбыз.