Испанияда машинист жұмыс уақытының аяқталғанына байланысты жарты жолда пойызды тоқтатқан

АСТАНА. ҚазАқпарат - Испанияда жүзден астам жолаушысы бар пойыз баратын жеріне жарты жол қалғанда тоқтаған. Оған машинист ауысымының аяқталуы себеп болды, деп жазады Би-би-си.

Пойыз жергілікті уақытпен шамамен сағат тоғызда елдің солтүстігіндегі Осорно ауылында тоқтады. Мадридке бет алған жолаушылар бара жатқан жеріне жету үшін  автобустар мен таксилерге отыруға мәжбүр болды. Оларды теміржол компаниясы жалдаған.  

Renfe мемлекеттік теміржол компаниясы кейін олардан кешірім сұрап, болған оқиғаға қатысты ішкі тергеу жүргізуге сөз берді.  

Renfe мәлімдемесіне сәйкес, машинист әрі қарай жүруден бас тартқан жоқ. Ол тек ары қарай жұмысын жалғастырған жағдайда заңды белшесінен басатын болған соң, амалсыз көлікті тоқтатқан.

Испаниялық заңнамаға сәйкес машинистер үзіліссіз алты сағаттан астам жұмыс істей алмайды. Бұл шаршағандықтан туындайтын апаттардың алдын алу үшін жасалған шара.

Пойыз Осорноға жеткенде машинисті алмастыратын адамның болмағаны анықталды. Бұл туралы испаниялық кәсіби одақ өкілі Карлос Сегуру хабарлаған.