Испанияда пойыз апатына байланысты үш күндік аза тұту жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Испанияның премьер-министрі Педро Санчес елдің оңтүстігіндегі пойыз апатынан кейін үш күндік аза тұту жариялады, деп хабарлайды Euronews .

Фото: Анадолу

Испанияның премьер-министрі Педро Санчес көлік министрі Оскар Пуэнте және Андалусия үкіметінің төрағасы Хуанма Мореномен бірге Кордова провинциясындағы Адамус муниципалитетіне барды. Бұл жерде кемінде 39 адамның өмірін қиған теміржол апаты орын алған.

Қала әкімі Рафаэль Анхель Морено ең алғашқы сәттен бастап барлық зардап шеккендерге көмек көрсетілгенін атап өтіп, сондай-ақ қол ұшын берген тұрғындарға да алғыс білдірді.

Өз кезегінде Педро Санчес бұл күнді бүкіл ел үшін, әсіресе қаза тапқандардың отбасылары үшін қайғы күні деп атады.

Еске сала кетсек, кеше Испанияда жоғары жылдамдықты екі пойыз рельстен шығып, 21 адам қаза тапты. Кейінірек адам шығына 39-ға жетті.