Испанияда пойыз апатынан 50-ге жуық адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Испанияның Толедо провинциясындағы жоғары жылдамдыққа арналған теміржол желісінде екі пойыз соқтығысты, апат салдарынан кем дегенде 46 адам қаза тапты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің ЕО-дағы меншікті тілшісі The Telegraph басылымына сілтеме жасап.

Фото: telegraph.co

Теміржол апаты жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 8:54 шамасында Лос-Йебенес пен Урда елді мекендері арасындағы (басқа деректерге сәйкес, Мора, Оргаз және Урда аралығында) болған. Теміржол желісінің 118-ші шақырымында Renfe компаниясының AVE пойызы мен Iryo жеке операторына тиесілі пойыз соқтығысып кеткен. Екеуі де Мадридтен Севильяға бара жатқан. Алдын ала мәліметтер бойынша, Renfe пойызы тоқтап қалған немесе баяулаған Iryo пойызының артынан келіп соғылған.

Оқиға орнында өрт сөндірушілер, Азаматтық қорғаныс қызметкерлері және медициналық топтар сияқты төтенше жағдайлар қызметтері жұмыс істеп жатыр. Жедел жәрдем тікұшақтары мен мобильді жан сақтау бөлімшелері жіберілді. Кастилия-Ла-Манча билігі аймақтық төтенше жағдайлар жоспарын іске қосты.

Мадрид, Сьюдад-Реаль және Андалусияны байланыстыратын желіде пойыз қатынасы тоқтатылды. Бұл теміржолдың қашан ашылатыны әлі белгісіз.

 

Апатқа байланысты Испания үкіметі жоспарланған іс-шараларын тоқтатты. Испанияның Халық және «Кең майдан» партиялары да өз іс-шараларының тоқтатылғанын жариялады. Премьер-министр Педро Санчес көлік министрімен үнемі байланыста екенін мәлімдеп, зардап шеккендер мен олардың отбасыларына қолдау білдірді.

Апат себептері туралы түрлі пікірлер айтыла бастады. Кей хабарламаларда сигнал беру жүйесінде (LZB) ақау туындауы мүмкін екені, кейбірінде адами қателіктер айтылады. Апат себебіне қатысты ресми нұсқа анықталу үстінде.

Бұл 2026 жылы Мадрид-Андалусия желісіндегі Renfe және Iryo пойыздарының қатысуымен болған екінші ірі апат. Қаңтар айында Адамуздағы (Кордова) апат ондаған адамның өмірін қиған. Испания билігі мен операторлары жаңа төтенше жағдайдың мән-жайын тексеріп жатыр.

Қыркүйекте Францияның солтүстігінде қалааралық пойыз рельстен шығып кетіп, салдарынан 44 адам зардап шекті.