Испанияда теміржол апатынан бірнеше адам қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Испанияның Галисия аймағында теміржол апаты болды, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.

Виго қаласынан Португалияға қатынайтын пойыз жолдағы бұрылыста шойын жолдан ауытқып, үш вагон аударылған. Апаттан пойыз машинисімен бірге төрт адам қаза тапты. Он екі жолаушы жарақат алған, олардың екеуі ауыр халде.
Жалпы пойызда 60 адам болғаны белгілі. Олардың көбісі апаттан кейін өз күшімен вагондардан шыға алды. Апатқа не себеп болғаны әзірше белгісіз. 2013 жылы Испания тарихында болған ең жойқын теміржол апатынан 79 адам қаза тапқан еді. Сол кезде жүйрік пойыздың машинисі жолдың қауіпті бөлігінде жылдамдықты шектен асырған болатын.