Испанияда тұңғыш дүниежүзілік халал туризм конференциясы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропадағы бірінші Дүниежүзілік халал туризм конференциясы 22-23 қыркүйек аралығында Испанияның Андалусия аймағында өтеді, деп хабарлады www.muslim.kz.

Айтулы жиында халал нарықтағы соңғы өзгерістер мен маркетингтік бағыттары талқыланатын болады.

«Бұл іс-шара халал туризм аясындағы ең маңызды жиын болмақ. Халал туризмді жекелей талқылайтын аталмыш конференция талқыға шығарылған мәселелердің оң шешімін табуға бағытталған», - деді Халал туризм конференциясын ұйымдастырушы Тасним Махмуд.

Сонымен қатар ол «Біздің зерттеулер халал туризмнің арқасында көптеген жетістіктерге жете алатын, алайда әлі күнге дейін онымен айналыспайтын елдер мен туроператорларды анықтады», - деп атап өтті.

Екі күндік конференциядан кейін қатасушылардың барлығына Андалусия бойынша экскурсиялық тур ұйымдастырылады.

Айта кетейік, Muslim Travel Index Europe 2014 компаниясының зерттеулері нәтижесінде Еуропаның халал туризмді дамытушы орталығы Франция атанды.

Халал туризм конференциясының ұйымдастырушылары жарияланған бұл тізім бойынша таяу және алыс шетел мұсылман туристері барғылары келетін еуропалық елдердің бестігінде Франция көш бастаған.

Сауалнамаға қатысушылардың 30 пайызы Францияға дауыс берсе, 28 пайызы Италия мен Ұлыбританияға, 26 пайызы Германия мен Түркияға дауыс берген.