Испанияда тұрғын үй дағдарысы өршіп тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Мадридте 87 жастағы Марикармен Абаскаль 70 жылдан астам уақыт тұрған пәтерінен қуылғаннан кейін Испанияда туындаған жаппай наразылық туындап, ел үкіметі тұрғын үй нарығындағы дағдарысты реттеудің жоспарын әзірледі, деп хабарлайды Kazinform Еуропа БАҚ-тарына сілтеме жасап.

Фото: Sindicato de Inquilinas de Madrid / CC BY-SA 4.0

23 қыркүйек күні егде жастағы әйел Испания астанасының Ретиро ауданындағы пәтерінен қуылды. Ол пәтерді 1956 жылдан бері жалға алып келген. Пәтерді Urbagestión компаниясы сатып алғаннан кейін айлық жалдау ақысы 500 еуродан 2650 еуроға дейін өсіп, артынша 1650 еуроға тұрақтанған. Марикарменнің қазіргі зейнетақысы шамамен 1350 еуро. Компания әжейді бұған дейін де үш мәрте қуып шықпақ болған, бірақ Испания соттары тыйып отырған.

Ақыры 87 жастағы мүгедек әйел ауруханаға жатқызылды, оны зембілмен алып шыққан. Осы оқиға Мадридте, Барселонада және басқа да қалаларда үлкен наразылық тудырған.

Испания премьер-министрі Педро Санчес бұл оқиғаны «әлеуметтік трагедия» деп атады.

Осыдан кейін сейсенбі күні министрлер кабинеті осал топқа жататын жалға алушыларды 2030 жылға дейін пәтерден қуып шығуға тыйым салу, 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқталатын қазіргі жалдау шарттарын екі жылға ұзарту, қысқа мерзімге пәтер жалдау және бөлме жалдауға қатысты ережелерді қатайту, тұрғын үйлерді «құзғын қорлардың» сатып алуына 2028 жылға дейін шектеу қою секілді шараларды қамтитын екі король жарлығын мақұлдады.

Денсаулық сақтау министрі Моника Гарсия бұл шаралар елдегі 5 миллионнан астам адамға жеңілдік әкелуі керек деп мәлімдеді. Тұрғын үй министрі Изабель Родригес парламентті пакетті қолдауға шақырды және Конгресстің «Марикарменге тартқан азабы босқа кетпегенін айтуға» мүмкіндігі бар деп атап өтті.

Жарлықтар дереу күшіне енеді, бірақ бір ай ішінде парламент бекітуі керек. Үкімет мәселені жұма күні дауысқа салмақ. Алайда парламентте Педро Санчестің коалициясына кіретін депутаттар басым емес.

Зейнеткердің адвокаты Беатрис Дуро үй иесімен алдын ала келісімге қол жеткізілгенін хабарлады: Марикармен сегіз жылдық жаңа келісімшарт негізінде пәтеріне орала алады. Жалдау ақысы оның зейнетақысының 30%-ына жетер-жетпес болады, яғни айына шамамен 460-500 еуро. Келісімге зейнеткер ауруханадан шыққаннан кейін өзі қол қоюы керек.

Еске сала кетейік, Қазақстан мен Испания бірлескен көлік жобаларын ілгерілетуге уағдаласты.