Испанияда туристерді люкс сағат аңдыған қылмыстық топ тонаған

АСТАНА. KAZINFORM – Испания полициясы италиялық құқық қорғау органдарымен және Europol-мен бірлесіп, туристердің қымбат сағаттарын ұрлауға маманданған қылмыстық желіге қарсы операция жүргізді, деп хабарлайды Euronews .

Фото: Pexels

Неапольдегі рейдтер кезінде Испанияның танымал курорттарында әрекет еткен қылмыстық топтың 12 күдікті мүшесі ұсталды.

Тергеу мәліметінше, қылмыскерлер жылдам әрі қатыгез көше тонауларына маманданған «paranzas» деп аталатын неапольдік бандалардың құрамына кірген. Олардың негізгі нысанасы Марбелья, Барселона, Малага, Ибица және Пальма-де-Майоркадағы люкс сағат иелері болған.

Тергеу барысында күдіктілердің Испанияға сапарларын мұқият жоспарлағаны анықталды. Олар жалған құжаттарды пайдаланып, логистиканы алдын ала ұйымдастырған. Қозғалу үшін Италиядан жеткізілген көліктерді немесе жалға алынған автокөліктерді қолданған.

Қылмыскерлер құрбандарын қымбат қонақүйлер, мейрамханалар, жағажайлар мен элиталық сауда аудандары маңында аңдыған. Ықтимал нысанды бақылағаннан кейін олар жедел шабуыл жасап, сағатты қолдан жұлып алып, скутермен немесе мотоциклмен ізін суытып отырған.

Europol мәліметінше, люкс санатындағы сағаттардың қымбаттауы мұндай қылмыстарды аса табысты етіп, қылмыстық топтардың Еуропа бойынша таралуына ықпал еткен.

Неапольдегі операция ауқымды халықаралық тергеудің бір бөлігі ғана. Жалпы іс аясында Еуропаның түрлі елінде 31 адам ұсталған.

Бұған дейін Алматыда ұрланған смартфондарды өткізу арнасы анықталғанын хабарладық.