Испанияда жаппай наразылық: халық биліктен қолжетімді баспана талап етті

АСТАНА. KAZINFORM — Сенбі күні Испанияның ондаған қаласында биліктен халыққа қолжетімді баспана мәселесін шешуді талап еткен жаппай наразылық акциялары өтті , деп хабарлайды Kazinform-ның Еуропалық одақтағы меншікті тілшісі.

Фото: Juan Barbosa/REUTERS

Наразылық Испания парламенті жалға алушыларды қорғауға бағытталған үкіметтің екі қаулысын қабылдамай тастағаннан кейінгі күні ұйымдастырылды. Осы жағдайдан кейін Испания премьер-министрі Педро Санчес мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы ақпарат тарады.

Ең ірі шеру Мадридте өтті. Наразылық білдірушілердің төрт шеруі Сибелес алаңында тоғысты. Акцияны ұйымдастырған Жалға алушылар одағының мәліметінше, ел астанасындағы шеруге шамамен 500 мың адам қатысқан. Ал билік өкілдері қатысушылар санын 70 мың деп бағалады.

Наразылық акциялары Барселона, Валенсия, Сарагоса және Малага сияқты Испанияның тағы шамамен 50 қаласында өтті. Көптеген елді мекенде акциялар бейбіт сипатта болды. Тек Валенсияда полиция мен шеруге қатысушылар арасында қақтығыс болып, тәртіп сақшылары резеңке оқ пен көзден жас ағызатын газ қолданды. Бірнеше адам ұсталды.

Бұл акциялар биыл 23 қыркүйекте Мадридтің Ретиро ауданында 87 жастағы Марикармен Абаскальдің пәтерінен мәжбүрлі түрде шығарылуынан кейін басталған наразылықтардың жалғасы болды.

Абаскальдің отбасы бұл баспананы 1956 жылдан бері жалға алып келген. Пәтерді инвестициялық компания сатып алғаннан кейін жалдау ақысы күрт өскен. Мүгедектігі бар зейнеткерді үйден зембілмен алып шыққан. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс туғызды.

Пуэрта-дель-Соль алаңында бір аптадан астам уақыттан бері наразылық білдірушілердің шатырлы лагері жұмыс істеп тұр. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, онда 1 200-ден астам шатыр тігілген. Наразылық білдірушілер Абаскальді қолдап, елдегі қолжетімді баспана саясатын қайта қарауды талап етіп отыр.

Жұма күні Испания парламенті үкімет ұсынған тұрғын үйге қатысты екі корольдік декретті қабылдамай тастады. Құжаттар әлеуметтік тұрғыдан осал жалға алушыларды 2030 жылға дейін үйден шығарудан қорғауды, жалдау келісімшарттарының бір бөлігін ұзартуды, қысқа мерзімді және бөлме бойынша жалға беру талаптарын қатаңдатуды, сондай-ақ «алыпсатарлық қорлар» деп аталатын инвестициялық қорлардың қызметіне шектеу енгізуді көздеген.

Бірінші құжат 178 депутаттың қарсы, 172 депутаттың қолдау дауысынан кейін қабылданбады. Екінші құжатқа 184 депутат қарсы болып, 166 депутат қолдады. Оған оппозициялық Халық партиясы, оңшыл Vox және каталондық Junts партиясы қарсы дауыс берді.

Премьер-министр Педро Санчес бастаған Социалистік партия мен Sumar блогынан тұратын коалиция парламентте көпшілікке ие емес.

Дауыс беруден кейін Халық партиясының жетекшісі Альберто Нуньес Фейхоо премьер-министрді «мүмкіндігінше тезірек» сайлау өткізуге шақырды. Оның айтуынша, қазіргі үкіметтің парламентте де, қоғамда да жеткілікті қолдауы жоқ.

Испанияда кезекті жалпыұлттық сайлау 2027 жылы өтуі тиіс. Испаниялық БАҚ-тың мәліметінше, Санчестің айналасындағылар қараша айында мерзімінен бұрын сайлау өткізу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ақпарат көздерінің айтуынша, премьер-министр бұл шешімді сенбідегі наразылықтардың ауқымын бағалағаннан кейін қабылдауы мүмкін.

Наразылықты ұйымдастырушылар келтірген есеп бойынша, Испанияда жалдау ақысы соңғы он жылда шамамен 90 пайызға өскен. Шеруге қатысушылар жалдау құнын төмендетуді, тұрғындарды үйден шығаруға мораторий енгізуді және инвестициялық қорлардың тұрғын үйді жаппай сатып алуына шектеу қоюды талап етеді. Кейбір қоғамдық ұйымдар тұрғын үй мәселесіне байланысты жалпыұлттық ереуіл өткізуге шақырып отыр.

Бұдан бұрын Мадридте 87 жастағы Марикармен Абаскаль 70 жылдан астам уақыт тұрған пәтерінен қуылғаннан кейін Испанияда туындаған жаппай наразылық туындап, ел үкіметі тұрғын үй нарығындағы дағдарысты реттеудің жоспарын әзірлегенін жазғанбыз.