Испанияда жаппай наразылыққа себепші болған 87 жастағы кейуана қайтыс болды

АСТАНА. KAZINFORM — Испанияда пәтерінен қуылуы жаппай наразылық акцияларына себепші болған Мадрид тұрғыны Марикармен Абаскаль 87 жасында ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы Мадридтің пәтер жалдаушылар одағы хабарлады, деп хабарлайды Kazinform DW-ге сілтеме жасап.

Фото: Francesco Militello Mirto/NurPhoto/picture alliance

23 қыркүйек күні егде жастағы әйел Испания астанасының Ретиро ауданындағы пәтерінен қуылды. Ол пәтерді 1956 жылдан бері жалға алып келген. Пәтерді Urbagestión компаниясы сатып алғаннан кейін айлық жалдау ақысы 500 еуродан 2 650 еуроға дейін өсіп, артынша 1 650 еуроға тұрақтанған.

Ұзаққа созылған даудан кейін сот Абаскальдың пәтерінен шығарылуын заңды деп тапқан, алайда зейнеткердің үйінің айналасына жұртшылық өкілдері жиналып, наразылық білдірген. Полиция наразылық білдірушілерді таратып, жедел жәрдем Марикармен Абаскальды емханаға алып кеткен. Сол кезде оның денсаулығы қалыпты екені хабарланған. 

Дегенмен бұл оқиға Испанияда Абаскальды қолдау үшін жаппай наразылық акцияларына ұласты. 28 қыркүйекте зейнеткердің адвокаты Беатрис Дуро үй иесімен алдын ала келісімге қол жеткізілгенін, Марикармен сегіз жылдық жаңа келісімшарт негізінде пәтеріне оралатынын, жалдау ақысы оның зейнетақысының 30%-ына жетер-жетпес, яғни айына шамамен 460-500 еуро болатынын хабарлады. Келісімге зейнеткер ауруханадан шыққаннан кейін өзі қол қоюы керек еді. Бірақ наразылық бүкіл елді шарпып үлгерді. 

Наразылықтар мен тұрғын үй реформасының сәтсіздігі кезектен тыс парламент сайлауын өткізуге себеп болды

5 қазанда премьер-министр, социалист Педро Санчес парламентті таратып, 2026 жылдың 29 қарашасында кезектен тыс сайлау өткізу туралы жариялады. Ол өз шешімін үкіметтің тұрғын үй нарығын реформалау жобасын парламенттің кері қайтаруымен байланысты деп түсіндірді.

Парламент таратылғаннан кейін, 6 қазанда Испания министрлер кабинеті парламенттің қарсылығына қарамастан, бұрын бекітілген тұрғын үй заңнамасын енгізу туралы шешім қабылдады. Санчес парламент мүшелері енді заңға тосқауыл бола алмайтынын айтып, парламент «халық мұқтажынан кері айналғаны» үшін мерзімінен бұрын таратылғанын мәлімдеді. 

Жаңа тұрғын үй заңына сәйкес, қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй құрылысына бюджеттен жүздеген миллион еуро бөлінеді, жалға алушыларды пәтерінен мәжбүрлеп шығаруға 2030 жылға дейін тыйым салады және ірі тұрғын үй компанияларына үш жыл бойы пәтер сатып алуға тыйым салады. Бұдан тыс, ұзақ мерзімге жалға беру нарығын ынталандыру үшін туристерге жалға берілетін пәтерлерге салынатын салықтар артады.

Коммуналды пәтерлерде бөлме жалдау құны сол пәтерді бір адамға жалға беру құнынан аспауы керек. Заң жобасында табысы төмен жалға алушыларға салық жеңілдіктері уәде етіледі және бос жатқан жеке пәтерлерге салық күрт артады. Сондай-ақ, жалға алушыларға келісімшартты автоматты түрде жаңарту құқығы беріледі, бұл оларға пәтерді иесінің қалауына қарамастан, өмір бойы жалдауға мүмкіндік береді.

Оңшыл оппозиция Санчестің ұсынған реформасын да, оны парламенттің мақұлдауынсыз қабылдау туралы шешімін де сынға алды.