Испанияда жаз басталмай тұрып, аптап ыстықтан қайтыс болғандардың саны көбейді

АСТАНА. KAZINFORM — Испанияда мамыр айында аптап ыстықтың салдарынан 101 адам қайтыс болды. Бұл — көктемнің соңғы айы үшін соңғы 10 жылдан астам уақыт ішінде тіркелген ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды DW .

Фото: BBC

Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, қаза тапқандар саны соңғы он жылдағы мамыр айының орташа көрсеткішінен 3,6 есе жоғары болған. Билік өкілдері өлім-жітімнің артуын жаз маусымы ресми басталмай тұрып-ақ елді қамтыған ерекше жоғары температура кезеңдерімен байланыстырды.

Есептер Momo өлім-жітім мониторингі жүйесінің деректеріне негізделген. Ол күн сайын ел бойынша қайтыс болғандардың санын тіркейді және бұл сандарды ұзақ мерзімді статистика негізінде есептелген болжамды өлім-жітім деңгейімен салыстырады. 

Бұған дейін Испанияның ұлттық метеорологиялық агенттігі (Aemet) бірқатар қалада рекордты температура тіркелгенін хабарлаған. Әсіресе елдің солтүстік өңірлерінде мамыр айы үшін әдеттен тыс жоғары температура байқалған.

Айта кетейік, БҰҰ алдағы апталарда Эль-Ниньо күшейетінін ескертті. Бұл климаттық құбылыс әлемде жаңа температура рекордтарына, құрғақшылыққа, су тасқынына және орман өрттеріне әкелуі мүмкін.