Алдын ала мәлімет бойынша, мемлекеттік Renfe компаниясының пойызы сағатына 160-200 шақырым жылдамдықпен келе жатып, рельсте тұрған жеке Iryo операторының құрамына соғылған.
Тергеушілер апаттың ықтимал себептерінің бірі ретінде Германия теміржолдарында да қолданылатын LZB автоматты қауіпсіздік жүйесіндегі ақауды қарастырып жатыр.
El Mundo газетінің мәліметінше, апат болған күні таңертең ұзындығы шамамен 63 шақырым учаскеде LZB жүйесі істен шыққан. Соның салдарынан бірнеше пойыз тоқтап қалған. Осыдан кейін пойыздардың қозғалысын басқару Мадридтегі диспетчерлік орталыққа берілген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, сағат 8:36–да диспетчер Renfe пойызының машинисіне жүйені қайта іске қосып, балама қауіпсіздік тетігін пайдаланып қозғалысты жалғастыруды тапсырған.
Ал Iryo пойызы ақау әлі жойылмағандықтан орнынан қозғалмаған. Сағат 8:53–те екі пойыз соқтығысқан.
Енді тергеушілер апатқа нақты не себеп болғанын анықтауы керек. Олардың қарастырып отырған нұсқаларының қатарында техникалық ақау, диспетчердің қателігі немесе бірнеше фактордың қатар әсер етуі бар.
Еске салайық, апат 28 қазанда жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 8:54 шамасында Мадридтен оңтүстікке қарай шамамен 130 шақырым жердегі Урда елді мекенінің маңында болған. Соқтығысқан пойыздар — Renfe компаниясының AVE пойызы мен жеке Iryo операторының құрамы. Екеуі де Мадрид — Севилья бағытымен жүрген. Алдын ала мәлімет бойынша, Renfe пойызы тоқтап тұрған немесе жылдамдығын бәсеңдеткен Iryo құрамына артынан соғылған.
29 қазанда Испанияда пойыз апатынан көп адамның қаза табуына байланысты үш күндік аза тұту жарияланды.
Айта кетейік, бұл — Испанияда 1970 жылдардан бергі адам шығыны бойынша үшінші ірі теміржол апаты. Бұған қоса, 2026 жылы елде болған екінші ірі пойыз апаты саналады. Қаңтарда Адамус муниципалитетінің маңында Малагадан Мадридке бет алған жүрдек пойыз рельстен шығып, қарсы бағытта келе жатқан құраммен соқтығысқан. Соқтығыс салдарынан екінші пойыз да рельстен шығып кеткен. Апаттан 46 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған.
Сыртқы істер министрлігі Испаниядағы теміржол апатында қаза тапқандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеді.