Өрт Каталонияның Ла-Бисбаль-д'Эмпорда муниципалитетінде басталып, қатты трамонтана желінің әсерінен тез таралған. Орман қызметінің алдын ала мәліметінше, тілсіз жауға жол жөндеу кезінде пайдаланылған механикаландырылған техниканың ұшқыны себеп болуы мүмкін.
Каталония үкіметі өртті сөндіруге әскери төтенше жағдайлар бөлімін (UME) жұмылдыруға өтініш берді. Өңір басшысы Сальвадор Илья тұрғындарды билік нұсқауларын қатаң сақтауға шақырды.
Қалың түтінге байланысты бірнеше елді мекенде оқшаулау режимі енгізілді. Сонымен қатар қауіпті аймақтағы 40 мыңға жуық тұрғынның ұялы телефонына Es-Alert жүйесі арқылы ескерту хабарламасы жіберілген.
Өрт аумағында орналасқан демалыс лагеріндегі 150 бала қауіпсіз жерде екені хабарланды. Сондай-ақ Жирона провинциясының Вилавенут ауданында тағы бір орман өрті тіркеліп, екі елді мекен тұрғындарына да оқшаулау режимі енгізілді.
Өртті сөндіруге 50-ден астам техника, оның ішінде 11 әуе кемесі жұмылдырылды. Вилавенуттағы өртті ауыздықтауға үш әуе техникасы, 17 жерүсті бөлімшесі және арнайы техникалар қатысып жатыр.
Өрт салдарынан бірнеше автожол уақытша жабылды. Әлеуметтік желілерде тұрғындар мен куәгерлер өрттің суреттері мен бейнежазбаларын жариялап, құтқарушыларға қолдау білдіруде.
Айта кетейік, Францияның оңтүстігінде орман өрті өршіді.