Испаниядағы орман өрті ауыл шаруашылығына 600 млн еуро шығын келтірді

Фото: zamin.uz

АСТАНА.KAZINFORM — Испанияда орман өрттері ауыл шаруашылығына 600 млн еуро көлемінде зиян келтірді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Ең көп зардап шеккен салалар экстенсивті мал шаруашылығы мен омарташылық. Жануарлар бірнеше ай бойы азықсыз қалса, омарта шаруашылығында кемінде 10 мың омарта жойылған. Сарапшылардың айтуынша, оларды жақын арада қалпына келтіру мүмкін болмайды.

— Мыңдаған гектар жайылым өртеніп кетті. Бұл алдағы айларда жер қайта қалпына келгенше малға қосымша жем-шөп қажет болады деген сөз, — дейді фермер Хавьер Фатас.

Өрт салдары әсіресе Галисия мен Леон аймақтарындағы ірі қара малға, ал Самора, Саламанка және Касерес өңірлеріндегі қой, ешкі және тоқты шаруашылығына ауыр тиіп отыр.

Фермерлер әкімшіліктің қолдауынсыз шығындарды өтеу мүмкін емес екенін айтып, алаңдаушылық білдіруде. Көптеген қожалықтар жабылу алдында тұр, себебі қарт фермерлер бұл жағдайдан кейін малды сатып жіберуді жөн көруі ықтимал.

Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай Испаниядағы ауылдық аймақтардың қаңырап бос қалуына әкелуі мүмкін. Өрттің жиі қайталануы мен халық санының азаюы ауыл өмірін одан сайын күрделендіріп отыр.

Айта кетейік, Испанияда өткен аптада бірден бірнеше ірі өрт тіркелді. Тамыз айының басынан бері елде 115 мың гектардан астам жер өртеніп кеткен.