Қаза тапқандар саны туралы жаңартылған мәліметті Кастилия — Ла-Манча автономиялық қауымдастығының үкімет басшысы Эмилиано Гарсия-Пахе мәлімдеді.
Оның айтуынша, құтқарушылар апаттан қатты зақымданған вагондарға жеткеннен кейін қаза тапқандар саны артқан. Іздестіру-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатқандықтан, құрбандар саны бұдан әрі өсуі мүмкін.
Апат 28 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат 08:54 шамасында Толедо провинциясындағы Урда қаласының маңында болған. Жоғары жылдамдықты теміржол желісінде мемлекеттік Renfe компаниясының AVE пойызы мен жеке Iryo тасымалдаушысына тиесілі пойыз соқтығысқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, Iryo пойызы теміржолда тоқтап қалған. Оның артынан келе жатқан Renfe пойызы тоқтап тұрған құрамға соғылған. Соқтығыс салдарынан бірнеше вагон рельстен шығып кеткен.
Оқиға орнында құтқарушылар, өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Мадрид пен Андалусия арасындағы жоғары жылдамдықты пойыздардың қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Апаттың себептері анықталып жатыр. Алдын ала қарастырылып жатқан нұсқалардың қатарында сигнал беру жүйесіндегі ақау мен адами фактор бар.
Еске сала кетейік, бұған дейін Испанияның Толедо провинциясындағы жоғары жылдамдыққа арналған теміржол желісінде екі пойыз соқтығысты, апат салдарынан 46 адам қаза тапқанын жаздық.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның қолда бар мәліметіне сәйкес, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Қазіргі уақытта министрлік ақпаратты нақтылау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Испаниядағы теміржол апатына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.