Испаниядағы Рождество лотереясы: жүлде өрттен зардап шеккен ауылдарға бұйырды

Фото: abcspain.ru

АСТАНА. KAZINFORM – Испаниядағы дәстүрлі Рождестволық лотерея El Gordo биыл орман өртінен қатты зардап шеккен елді мекендерге қуаныш сыйлады. 2025 жылғы ұтыс ойынында 79 432 нөмірі жеңімпаз деп танылды, деп хабарлайды Еuronews.

Ұтыс әдеттегідей теледидар мен радио арқылы тікелей эфирде көрсетілді

Жеңімпаз билеттер Леон провинциясы аумағындағы үш ауылда, сондай-ақ Мадридте сатылған. Леон провинциясы жыл басында болған орман өртінен едәуір зардап шеккен өңірлердің бірі саналады.

Жүлделі билеттердің едәуір бөлігін шағын футбол клубы – La Bañeza сатып, өз өңіріне бірнеше миллион еуро табыс әкелген.

Клуб ойыншылары бұл жаңалықты аймақ үшін ерекше қуаныш деп бағалады.

– Орман өрттері мен түрлі қиындықтардан кейін бұл бүкіл өңір үшін үлкен қуаныш, – дейді олар.

Футбол клубының бас бапкері Хосе Бенито да ойын жасырмады.

– Біз шынымен бақыттымыз және осы сәттен күнделікті бірге еңбек ететін адамдармен бірге ләззат алып отырмыз, – деді ол.

Айта кетейік, Испаниядағы Рождестволық лотерея жүлде қоры бойынша әлемдегі ең ірі лотерея саналады. Оның жалпы жүлде қоры 2,5 млрд еуродан асады. Биыл әртүрлі санаттағы 198 млн билет сатылымға шығарылған. Бір толық билеттің құны 200 еуро, алайда оны бөліп сатып алуға болады. Испанияда тұрғындар билеттерді туыстарымен, әріптестерімен бірігіп алуды дәстүрге айналдырған.

Еске салайық, Испанияда «Алиса» дауылының салдарынан ондаған үй су астында қалды.