Испаниядағы тәртіпсіздіктерге не түрткі болғаны анықталды

Фото: видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Испанияның шығысындағы Торре-Пачеко қаласында 68 жастағы азаматқа жасалған шабуыл тәртіпсіздіктердің орын алуына түрткі болды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Оқиға сәрсенбі күні зейнеткер зираттардың жанынан өтіп бара жатқанда болған. Ол шағымында өзіне шабуылдаған адамдардың солтүстікафрикалық болуы мүмкін екендігін айтқан. Өз кезегінде бұл жағдай жергілікті тұрғындар арасында ксенофобиялық көңіл-күй тудырып, Торре-Пачеконы мигранттардан қорғау керек деген түсінік қалыптастырды.

Кейінірек тұрғындардың жиыны өтіп, жергілікті азаматтар Мурсия қаласында Магриб өңірінен келгендерге қырын қарай бастаған. 40 мың тұрғыны бар бұл қала тұрғындарының 30 пайызы солтүстікафрикадан келгендер. Демалыс күндері марокколықтар мен радикалды оңшыл топтармен араласқан жергілікті тұрғындар өзара керісіп қалған.

Тараптардың арасында қауіпсіз ара қашықтықты сақтау үшін іске полиция мен Азаматтық гвардия араласқан. Осылайша, Торре-Пачеко солтүстікфарикалық жастар тарапынан жасалатын қылмыстармен күресу үшін аудандық патрульдер құру туралы дебаттың орталығына айналды.

Мурсияның автономды қоғамдастығының президенті Фернандо Мирас жексенбіде соңғы күндері Торре-Пачекода болған жайсыз оқиғалар туралы хабардан соң тыныштық сақтау қажеттігін айтты.

Қақтығыс салдарынан жексенбі күні таң ата бес адам түрлі дене жарақаттарын алды, 1 адам тұтқындалды. Көшеде бірқатар көлік бүлініп, жерде қан іздері қалған.

Лопес Мира баспасөз мәслихатында қауіпсіздік күштерінің еңбегін атап өтіп, кінәлі адамдар жауапқа тартылатынын жеткізді.

Қалада Азаматтық гвардияның 75 қызметкері жүр. Испанияның Ішкі істер министрлігіндегі дереккөз екі арнайы бөлімшенің қызметкерлері жүргенін айтты.

Осыған дейін Испанияда этникалық қақтығыс өрши түскені туралы жаздық.