Испаниядағы теміржол апаты: Президент қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Испаниядағы теміржол апатына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: Ақорда

— Қасым-Жомарт Тоқаев Толедо өлкесінде болған теміржол апаты салдарынан көптеген адамның қайтыс болуына байланысты Испания Королі VI Фелипеге, жақынынан айырылған отбасыларға және барша испан халқына көңіл айтты, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ Президент зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Испанияның Толедо провинциясындағы жоғары жылдамдыққа арналған теміржол желісінде екі пойыз соқтығысты, апат салдарынан 46 адам қаза тапқанын жаздық. 

ҚР Сыртқы істер министрлігі Испаниядағы теміржол апатында қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін хабарлады.