Испаниядағы Дүниежүзілік трансплант-ойындарында Қазақстан туы көтерілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Донорлық мүшелері бар спортшылар Испанияның Малага қаласында XXI Дүниежүзілік трансплант-ойындарының ашылуына қатысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.



Қазақстанның атынан Ойынға 6 спортшы қатысуда: Жәнібек Оспанов, Гүлмира Смайылова, Асхат Қаликешов, Ержан Мұхамедиев, Жеткіншек Нұров пен Әпіресхан Ховдахан. Айта кетейік, қатысушылардың үшеуінің жүрегі, тағы үшеуінің  бүйрегі ауыстырылып отырғызылған. Олар суда жүзу, үстел теннисі және боулинг бойынша бақ сынасады.

Туды Қазақстан құрамасынан ҚР-да ең алғаш донорлық жүрек ауыстырылып отырғызылған Жәнібек Оспан көтереді.

«Ашылу салтанатына 60-тан астам ел қатысты. Спортшылар командасы Қазақстанның туымен салтанатты түрде айналып өтіп шықты», - деді Жәнібек Оспанов.