Испаниялық компания Қазақстанның су инфрақұрылымын жаңғыртуға атсалыспақ

Фото: Фото: Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM — Испаниялық компания Қазақстанның су инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ұлттық жобаға қатысуға дайын. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Әлемдік нарықта су тазарту және сумен жабдықтау технологиялары саласындағы ірі ойыншы — Aqualia компаниясы Қазақстанда кәріздік тазарту кешенінің құрылысы мен жаңғырту жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық танытты.

Фото: Үкімет

— Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев делегациямен кездесу өткізді. Келіссөз барысында Aqualia компаниясының Орталық Азия бойынша бас директоры Хосе Мигель Сантос Гонсалес кәсіпорынның Еуропа, Латын Америкасы, Солтүстік Африка және Батыс Азияның 18 елінде жобаларды жүзеге асыру арқылы үлкен халықаралық тәжірибеге ие екенін атап өтті және Қазақстанның су инфрақұрылымын дамытуға үлес қосуға дайын екенін жеткізді. Іске асырылған жобалардың бірі — Грузияның су арнасын жекешелендіру мен басқаруға қатысу жобасы, — делінген хабарламада.

Тараптар Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясындағы саланың инвестициялық әлеуетін, отандық өндірушілерді қолдау және өзара ынтымақтастықтың басқа да мүмкіндіктерін талқылады. Қанат Бозымбаев компанияны еліміздегі кәріздік тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңарту жобаларына қатысу мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Фото: Үкімет

Компанияның қарқынды дамып жатқан қалалар мен агломерацияларда инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қатысу мүмкіндігін қарастыру туралы шешім қабылданды. Aqualia Қазақстанда жобаларды ұзақ мерзімді негізде жүзеге асыру үшін өз тәжірибесін және технологияларын бөлісуге дайын екенін растады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қанат Бозымбаев «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасын жүзеге асыру барысын тексергенін жазған едік.