Испанияның танымал телешоуы Алматы туралы тележоба жасады

Фото: «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Испанияның Telemadrid арнасында көрсетілген «Мадридтіктер бүкіл әлемде» (Madrileños por el mundo) тележобасының жаңа шығарылымы Алматыға арналды.

Шығарылым барысында түсірілім тобы Көк базарға, Вознесенск шіркеуіне, сондай-ақ Atlético de Madrid футбол клубының академиясына барды. Бағдарламада қаланың күнделікті тыныс-тіршілігі, мәдени алуандығы мен табиғи көрінісі кеңінен көрсетілген. Ал жобаның кейіпкерлері — Мигель, Николас және Аврора Алматы мен оның тұрғындары туралы өз әсерін баяндады.

Айта кетейік, «Мадридтіктер бүкіл әлемде» тележобасы Telemadrid арнасында көрсетіледі және шетелде тұрып жатқан немесе саяхаттап жүрген испандықтардың оқиғасы арқылы көрермендерді әртүрлі елмен таныстырады.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылдың 9 айында мегаполиске Испаниядан келген туристер саны 2024 жылмен салыстырғанда 37,8%-ға артқан.

Еске салайық, бұған дейін Испанияның танымал журналы Алматыны тау бөктеріндегі үздік 5 қаланың қатарына қосты.