Ыстанбұл әуежайының төртінші негізгі ұшу-қону жолағы 18 қыркүйекте пайдалануға беріледі. Ашылу рәсіміне Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған қатысады деп күтіледі. Бұл туралы Көлік және инфрақұрылым министрі Абдулькадир Уралоглу мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңа жолақ іске қосылғаннан кейін әуежайдағы ұшу-қону жолақтарының саны алтыға жетеді: төртеуі негізгі, екеуі резервтік болады. Қазір әуежайда үш негізгі және екі резервтік жолақ бар.
Әуежайдағы жаңа ұшу-қону жолағы шығыстан батысқа бағытталған алғашқы жолақ болмақ. Оның ұзындығы 2 820 метр, ені 45 метр.
А.Уралоглудың айтуынша, жаңа инфрақұрылым ішкі және шығыс бағыттағы рейстерге қызмет көрсетуді жеделдетеді. Ұшақтардың әуежайдағы қозғалысы мен ұшу уақыты қысқарып, әуе компаниялары жанармай мен уақытты үнемдейді.
Бұдан бөлек ұшу-қону жолағының шығыс-батыс бағыты әртүрлі ауа райы жағдайында әуе қозғалысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Билік ұшу мен қону кезіндегі қауіпсіздік деңгейін арттырып, рейстердің уақытылы орындалу көрсеткішін жақсартуды көздеп отыр.
Министр Ыстанбұл әуежайы бүгінде 110-нан астам әуе компаниясымен бірлесіп, 340-тан астам бағытқа ұшатын рейстерге қызмет көрсетіп отырғанын атап өтті. Бұған дейін әуежай Еуропада үш тәуелсіз негізгі ұшу-қону жолағын бір мезгілде пайдаланған алғашқы әуежай атанған.
Түрік билігі төртінші негізгі ұшу-қону жолағының іске қосылуын Ыстанбұл әуежайының инфрақұрылымын одан әрі дамытудың кезекті кезеңі деп бағалайды.
Бұған дейін Ыстанбұл әуежайы жолаушы тасымалы бойынша рекорд орнатқанын хабарлаған болатынбыз.
Ақзат Жиеналина