Ыстанбұлда АҚШ-Ресей консультациялары өтіп жатыр

Фото: Фото: istanbul.mid.ru

АСТАНА.KAZINFORM - Ыстанбұлдағы Ресей Бас консулдығының ғимаратында Ресей мен АҚШ делегациялары арасындағы консультациялардың екінші раунды басталды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Мәскеу мен Вашингтон өкілдері арасындағы консультациялардың екінші раунды кем дегенде төрт сағатқа созылады деп жоспарланған. Консультациялар дипломатиялық миссиялардың жұмысын қалыпқа келтіруге бағытталатыны бұған дейін хабарланған.

Ресей делегациясын Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Александр Дарчиев, ал америкалық делегацияны АҚШ Мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия істері жөніндегі көмекшісінің орынбасары Соната Култер басқарады. Делегациялардың қалған мүшелері – екі елдің сыртқы істер органдарының қызметкерлері.

Сонымен қатар, Түркия президентінің әкімшілігі Анкараның бұл келіссөздер үдерісіне араласпайтынын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейінгі консультациялар да Ыстанбұлда 27 ақпанда АҚШ бас консулының резиденциясында өтіп, 6 сағаттан астам уақытқа созылды.