Ыстанбұлда Қазақстанның сауда кеңсесі ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — «QazTrade» жаңа алаңы отандық өндірушілерге Түркия нарығына шығуға және үшінші елдерден серіктестер табуға жол ашады.

Фото: Kazinform

Ыстанбұлда қазақстандық өнімдерді Түркия нарығына шығаруға және отандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін арттыруға арналған «QazTrade» АҚ-ның серіктестік кеңсесі жұмысын бастады.

Жаңа кеңсе қазақстандық өндірушілер мен түрік кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланысты дамытуға мүмкіндік береді. Мұнда әлеуетті сатып алушылар мен дистрибьюторлар отандық тауарлардың үлгілерін көріп, өндірушілер туралы мәлімет алады. Сондай-ақ келіссөздер жүргізіп, тікелей әріптестік орнатуға жол ашылады.

Фото: Kazinform

Кеңсенің ашылуы Ислам ынтымақтастығы ұйымының Экономикалық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі тұрақты комитетінің 42-сессиясымен тұспа-тұс келді. Оған Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Жәнел Кушукова да қатысып жатыр.
Оның айтуынша, Ыстанбұлда таныстырылған отандық өнімдер түрік серіктестеріне Қазақстанның экспорттық әлеуетін тікелей бағалауға жағдай жасайды. Ал Қазақстан тарапы үшін азық-түлік, өңделген тауарлар мен өзге де дайын өнімдер экспортын ұлғайту айрықша маңызды.

Бұл бастама Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған нақты қадамның бірі болды. Екі елдің өзара саудасын арттыру және инвестициялық байланысты жандандыру мәселелері бұған дейін 28 қазанда Анкарада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның кездесуінде де сөз болған еді.

Жаңа кеңсе екі ел арасындағы сауда көлемі айтарлықтай өскен кезеңде ашылды. 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 62,1 пайыз артып, 6,33 млрд долларға жетті. Оның ішінде Қазақстан экспорты 91 пайызға өсіп, 5,3 млрд долларды құраса, Түркиядан импорт көлемі 1,03 млрд долларға жетті. Осы көрсеткіштер бойынша Түркия Қазақстанның ірі сауда серіктестері арасында төртінші орында тұр.

Жобаны іске асыруға «QazTrade» компаниясымен бірге түркиялық Yenisan Companies Group қатысады. Түрік компаниясы кеңсе мен көрме залын орналастыруға арналған ғимарат бөліп, жергілікті кәсіпорындармен байланыс орнатуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жәрдемдеседі.

Аталған кеңсе Аташехир іскерлік ауданында орналасқан. Мұнда келіссөз жүргізетін бөлмелермен қатар, қазақстандық өндірушілердің тауарлары ұсынылған тұрақты көрме залы жұмыс істейді. Көрмеге ұн, макарон және жарма өнімдері, күріш, жасымық, асбұршақ, күнбағыс пен зығыр майы, сүт, түйе сүтінен жасалған өнімдер, ұлттық тағамдар, бал, тосап, кондитерлік өнімдер, шоколад, сусындар, шәрбат, шай, сондай-ақ киім-кешек пен аксессуарлар қойылған.

Көрмеде «Цесна», «Абзал и К», Arvena, KaMei, Aspan food camel, Aruana, Qurt qazaq national product, «Барака», RIKS, BARBADOS, «Бахус», AMANI, «Рахат» және «Баян Сұлу» компанияларының тауарлары ұсынылған. Бұл алаң Қазақстанның азық-түлік өндірісімен қатар, отандық жеңіл өнеркәсіптің де мүмкіндіктерін көрсетеді.

Фото: Kazinform

Кеңсенің қызметі Түркия нарығымен ғана шектелмейді. «QazTrade» пен Yenisan Companies Group қазақстандық өнімдерді Сирия, Ирак, Иран және Ауғанстанға экспорттау мүмкіндіктерін де қарастырып жатыр. Сондай-ақ тараптар қойма және терминал инфрақұрылымын дамыту, инвестиция тарту және жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылап жатыр.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі — экспорттық өнімдерді сақтауға арналған қойма кешенін салу. Бұл тауарларды сақтау мен жеткізуді оңтайландырып, қазақстандық компаниялардың логистикалық әлеуетін арттыруға және өңір елдерінің нарығына шығуын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Түркия Қазақстанмен сауда көлемін 15 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отырғанын хабарлағанбыз.