Ыстанбұлда миллиондаған есірткі таблеткасы тәркіленді

Фото: Anadolu ajansı

АСТАНА. KAZINFORM – Ыстанбұлда полиция қызметкерлері ірі есірткі саудасына қарсы кең ауқымды операция жүргізіп, тыйым салынған заттардың ірі партиясының таралуына жол бермеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Түркиядағы меншікті тілшісі.

Операция Түркия Ішкі істер министрлігіне қарасты Есірткі қылмыстарымен күрес бас басқармасының (EGM) үйлестіруімен, сондай-ақ Ыстанбұл полициясының есірткіге қарсы және барлау бөлімшелерінің қатысуымен өтті.

Түркияның ішкі істер министрі Али Йерликаяның мәліметінше, рейдтер Тузла, Башакшехир және Бейликдюзю аудандарында жүргізілген. Тексеру барысында құқық қорғаушылар мыналарды анықтаған:

4 миллион 42 мың дана есірткі таблеткасы;

214 килограмм метамфетамин;

69 килограмм марихуана;

438,5 килограмм таблетка өндіруге арналған химиялық заттар.

Операция нәтижесінде есірткі жеткізу мен таратуды ұйымдастырды деп күдіктелген 11 адам ұсталды.

Түркия Ішкі істер министрлігі мәлім еткендей, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес полиция қызметінің басты басым бағыттарының бірі болып қала береді. Мұндай кең көлемді операциялар есірткі желілерінің қаржылық негізін әлсіретуге және жастарды қауіпті тәуелділіктен қорғауға бағытталған.

Бұған дейін Ыстанбұлда полиция мен жандармерия шоу-бизнес өкілдерінің есірткі қолдануына байланысты ірі операция жүргізген болатын