Ыстамбұлда Unreal x Jeton музыкалық кешіне келген екі адам көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM — Ыстамбұлдағы концертте болған оқиғадан екі адам көз жұмып, тағы біреуі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Фото: ntv.com.tr

Түркияның ntv.com.tr басылымының мәліметінше, Ыстамбұлдағы Конгресс орталығында өткен Unreal x Jeton концертіне келген екі адамның өліміне есірткі қолданғаны себеп болған.

Unreal x Jeton — Германияның танымал концерт ұйымдастырушысы Unreal Germany мен Түркияның Jeton Records музыкалық дыбысжазба компаниясы бірлесіп өткізген ірі техно-концерт.

Ыстанбұл губернаторы Давут Гүлдің айтуынша, сот-медициналық сараптама барысында бірнеше түрлі есірткі затының ізі анықталған. Ол қолда бар мәліметтерге сүйене отырып, қайғылы оқиғаға концерттің өтуі немесе алаңда сатылған тамақ пен сусындарды тұтыну емес, есірткі заттары себеп болғанын атап өтті. Дегенмен құзырлы органдар қосымша тексеру үшін концерт өткен орыннан сынамалар алып, тергеуді жалғастырып жатыр.

Музыкалық кешке келген үш адамның денсаулығы күрт нашарлап, жақын маңдағы ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлердің көмегіне қарамастан, екеуі көз жұмды. Ал үшінші адамның жағдайы ауыр.

Концерт сағат 21:00–де басталып, таңғы 04:00–ге дейін жалғасқан. 18 жастан асқан адамдарға ғана рұқсат етілген кешке шамамен 5 мың адам жиналған. Оқиғаның мән-жайын анықтау барысында құқық қорғау органдары зардап шеккендердің жағдайы алкоголь мен есірткі тұтынудан нашарлауы мүмкін деген болжамды да тексерді.

Бұған дейін Ыстамбұлда есірткіге қарсы операция кезінде танымал актриса Ханде Эрчел қамалғаны хабарланған болатын.