Ыстанбұлда жақында болған жер сілкінісінен 4 200-ден астам ғимарат бүлінді

Фото: Фото: nefes.com.tr

АСТАНА. KAZINFORM – 23 сәуірде Ыстанбұлда болған магнитудасы 6,2 балдық жер сілкінісінен мыңдаған ғимарат зақымданып, жүздеген тұрғын медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Түркияның Қоршаған орта және қалалық жоспарлау министрі Мұрат Курумның айтуынша, барлығы 36 425 ғимарат тексерілді, оның 4 295-і аздап зақымдалған болып шықты. Келтірілген шығындар бағаланып жатыр. 

Жерасты дүмпулерінің ошағы Мәрмәр теңізінде, елдің ең ірі мегаполисіне жақын жерде орналасқан. Ең күшті дүмпу 13 секундқа созылып, тұрғындар арасында үрей тудырды. Жалпы алғанда жер сілкінісі болған күні және одан кейін әр түрлі күштегі 300-ге жуық афтершок тіркелген. 

Фото: nefes.com.tr

Медициналық қызметтің хабарлауынша, жеңіл жарақат алған 250-ге жуық адам көмекке жүгінді, олардың көпшілігі шұғыл эвакуациялау әрекеті кезінде жарақат алған, кейбір адамдар ғимарат терезелерінен секірген. 

Жергілікті билік табиғи апаттың салдарын бағалауды жалғастырып, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ бұзылған инфрақұрылымды қалпына келтіру шараларын қабылдап жатыр. 

Бұған дейін 23 сәуірде Ыстанбұлда бірнеше жер сілкінісі болғанын жазған едік. Олардың ең күштісінің магнитудасы 6,2-ге жетті. Түркияда жер сілкінісінен 200-ден астам адам зардап шекті. 

Шенеуніктер Түркияның сейсмикалық белсенді аймақ екенін және 2030 жылға қарай Ыстанбұл аймағында күшті жер сілкінісі болу ықтималдығы 64%-ға бағаланатынын еске салды. 

Айта кетейік, Ыстанбұлда жүрген Абай есімді отандасымыз жер сілкінісі қорқынышты болғанын айтқан еді. 

Еске сала кетсек, 2023 жылы Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 48 мыңнан асты. 

28 сәуірде Түркияның шығыс бөлігінде 4,9 магнитудалық жер сілкінісі болды.