Ыстанбұлдағы Ресей мен Украина келіссөзі аяқталды: қорытындылар, келіспеушіліктер және жаңа бастамалар
АСТАНА.KAZINFORM - Ыстанбұлда Ресей мен Украина делегацияларының екі сағатқа созылған кездесуі аяқталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Түркияның Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасаған түрік БАҚ-тарының хабарлауынша тараптардың кездесуі аяқталды. Келіссөздер жабық есік жағдайында өтті, сондықтан нақты келісім жарияланған жоқ.
Кездесудің басында Түркия Сыртқы істер министрлігінің басшысы Хакан Фидан болды. Оның қатысуы ашылу сөзімен шектелді. Одан кейін Ресей және Украина делегациялары делдалсыз талқылауды жалғастырды.
Делегациялар арасындағы қарым-қатынас тіліне қатысты да кейбір белгісіздік бар. Кейбір БАҚ тараптардың аудармашы арқылы сөйлескенін жазса, басқалары келіссөздер орыс тілінде жүргізілгенін айтады.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ресейдің қойған талаптары шектен тыс және бұрынғы келіссөздерден алшақ. Бұл елдер арасындағы алауыздықтың сақталуына әкелуі мүмкін.
Украина президенті Владимир Зеленский өзінің жаңа жолдауында келіссөздер нақты ілгерілеусіз «театр» болып шықса, Ресейге қарсы санкциялық қысымды күшейтуге шақырды.
Сонымен бірге, Ыстанбұл кездесуінің нәтижесіне қатысты белгісіздік жағдайында Рим Папасы Лев XIV Ватиканды келіссөздердің келесі раунды үшін бейтарап орын ретінде ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл бастама Еуропаның бірқатар елінде диалогты жалғастырудың тәсілі ретінде қолдау тапты.
Тікелей келіссөздердің қайта жанданғанына қарамастан, реттеудің келешегі белгісіз және тараптардың ұстанымдары бір-бірінен алшақ қалып отыр.
Бұған дейін Түркия Сыртқы істер министрлігінің басшысы Хакан Фидан Ресей мен Украина арасындағы реттеу жолын таңдау тараптардың еркінде екенін мәлімдеген.