Істі болған Жоғарғы сот судьясы қызметінен босатылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында істі болған Мейрам Жанғұттиновты ҚР Жоғарғы сотының судьясы қызметінен босату туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Денис Шиптің айтуынша, соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеніне байланысты М. Жанғұттиновты Жоғарғы сот судьясы лауазымынан босату ұсынынымы енгізіліп отыр.

Палата депутаттары аталған ұсынысқа қатысты шешім қабылдап, М. Жанғұттиновты қызметінен босатты.

Еске сала кетейік, былтыр желтоқсан айында ҚР Жоғарғы сотының бұрынғы судьясы Мейрам Жанғұттинов сот шешімімен 5 жылға бас бостандығынан айрылды.

Елордалық соттың хабарлауынша, М. Жанғұттинов жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлға бола отырып (ҚР Жоғарғы сотының судьясы, бүгінде өкілеттігі тоқтатылды), пара алу желеуімен Тұрғынбаевадан (Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы, өкілеттігі тоқтатылды) делдал Абдусаттаров арқылы 7 мың АҚШ доллары сомасындағы қаражатты иемденуге тырысты. Жоғарғы соттың экс-судьясы М. Жанғұттинов ақша алу кезінде ұсталған.