Ыстықкөлдегі «Қазақстан» санаторийі 5 жұлдыз алды: жаңартылған кешен желтоқсанда ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Ыстықкөлдің солтүстік жағалауындағы «Қазақстан» санаторийіне Қырғызстанның ресми жіктеуі бойынша 5 жұлдыз санаты берілді. 17,5 гектар аумақта орналасқан жаңартылған кешен биыл желтоқсанда қонақ қабылдай бастайды.

Фото: «Қазақстан» санаторийі

 

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығына қарасты «Қазақстан» санаторийінің жаңартылған кешені осы жылдың желтоқсан айында қонақтарды қабылдауды жоспарлап отыр.

Жоғары санат Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік агенттік берген № 002 ресми куәлікпен расталды.

Фото: «Қазақстан» санаторийі

Санаторий 17,5 гектар аумақта орналасқан. Жаңартылған кешенде тұрғын корпустар, коттедждер және медициналық блок қарастырылған. Кешеннің инфрақұрылымына жабық бассейн, термалды минералды суы бар бассейн, спорт алаңдары мен балалар аймағы кіреді. Сонымен қатар меймандарға төрт мезгіл тамақтану ұйымдастырылған.

Санаторий қызметінің жеке бағыты — сауықтыру бағдарламалары. Олар дәрігерлердің ұсынымдары мен қонақтардың денсаулық жағдайының ерекшеліктерін ескере отырып, әр адамға жеке таңдалады. Қарастырылған емдік процедуралардың қатарында термалды минералды су қосылған емдік ванналар, Жырғалаң кен орнының емдік балшығымен аппликациялар жасау, физиотерапия, массаж және емдік дене шынықтыру бар.

Фото: ҚР Президентінің Іс басқармасы

«Қазақстан» санаторийінің тарихы тереңде жатыр: Ыстықкөлде 1962 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл орын Қазақстан тарихымен де тығыз байланысты. Санаторий аумағында Қонаев аллеясы мен Дінмұхамед Қонаев демалған саяжай сақталған. Бүгінде саяжай ғимаратында музей-үйі орналасқан.

«5 жұлдыз» санатының берілуі санаторийдің дамуындағы маңызды кезең болды. Жаңартылған кешен Ыстықкөл жағалауында демалу мен сауықтыру мүмкіндіктерін ұштастыра отырып, жыл бойы жұмыс істейтін болады.

Санаторийден орынды ресми сайт арқылы: https://kazakhstanhealthresort.com немесе WhatsApp мессенджері арқылы 996 503 707 709 нөміріне хабарласып брондауға болады.

Айта кетейік, бұған дейін бірнеше қазақстандық қонақүйлер тұңғыш рет MICHELIN Key белгісіне ие болғанын жазған едік. 

MICHELIN Key — қонақүй саласындағы кулинариялық «Мишлен жұлдызының» ресми баламасы. Тәуелсіз әрі анонимді инспекция қорытындысы бойынша еліміздегі 5 қонақүй One MICHELIN Key («Бір Мишлен кілті») белгісіне ие болды:

  • The Veil Hotel (Астана қ.)
  • The St. Regis Astana (Астана қ.)
  • The Ritz-Carlton, Astana (Астана қ.)
  • The Ritz-Carlton, Almaty (Алматы қ.)
  • Tenir Eco Hotel (Алматы қ.)