Ит куәгер ретінде сот залына шақырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияның Тур қаласында ерекше сот отырысы өтті. Олай дейтініміз, сотқа куәгер ретінде жауап беруі үшін адам емес, ит шақырылған. Танго есімді итті құқық қорғаушылар өзінің иесін бейсбол таяқшасымен кім өлімші етіп сабағанын айтып беруі үшін арнайы алдырған, деп жазады, Дни ру.

Лабрадор тұқымды Танго есімді ит өзінің қожайының ұрған адамды көрген. Істі қарап жатқан судья соны алға тартып, иттен куәгер ретінде жауап алмақ болыпты. Судьяға бұл ойды 27 жастағы қайтыс болған жігіттің туыстары айтқан екен. Иесі қайтыс болғаннан бері оның иті түнімен мазасызданып, көз ілмейтін болған. Осыған орай, судья итпен «байланыс орнату» үшін сарапшы ветеринар маманның көмегіне жүгінген. Сарапшы өзімен бірге сот отырысына тағы бір Норман атаулы итті ертіп келген. Осылайша, ветеринар екі иттің байланысы арқылы қылмыскерді анықтауды көздеген.

Алайда, олардың бұл тірлігінен ештеңе шықпады. Себебі, екі ит те қойылған сұраққа жауап қатпады. Айта кетерлігі, сотта күдікті ретінде жауапқа тартылып жатқан азаматтың қорғаушысы Грегуар Лафарж тергеуге осынша ерекше әдіспен келген құқық қорғау органдарының жұмысына наразылық танытты. Тіпті, ол прокурорға судьяның бұл әрекеті екі жануарға теріс әсерін тигізетінін айтып ескерту жасады.

«Мұндай бассыздық француз сотының әділдігіне нұқсан келтіреді. Себебі, судья өзінің парасат-пайымына иек артудың орнына қайдағы жоқ ақылға сыйымсыз тәжірибелерді жүзеге асырып, әділет саласына үлкен қауіп төңдіріп тұр», - деді қорғаушы.

н