Ит пен кинологтің мінезі бір-біріне ұқсамауы тиіс – Махамбет Абдуалиев

Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Әрбір қызметтік ит 8-10 жыл кинологтің серігі болады. Одан кейін арнайы тесттен өткізіледі. Сынақтан сүрінбей өтсе, қызметте қалады. Ал мүлт кетсе итті кинолог үйіне алып кетеді. Тіпті кез келген тұрғын иесі атана алады. Ақтөбенің ғана емес, Қазақстанның ең мықты иісшіл иті – Барон. Былтыр ІІМ байқауында жеңіске жетті. Кинолог Махамбет Абдуалиев Kazinform тілшісіне итке қойылатын талап пен оның полиция қызметіндегі жұмысы туралы айтып берді. 

– Бүгінде Ақтөбе облыстық полиция депаратаментінің кинолог-инспекторы қызметін атқарып жүрсіз. Бұл жолды қалай таңдадыңыз?

– Шекара қызметінде әскери борышымды өтеп, 2006 жылы бірден кинология қызметі орталығына жұмысқа орналастым. Әскерде жүрген кезде кинологтердің қызметі қызықтыратын. Өзім де бала кезден ит асырап, баққан едім. Демек маған жақын мамандық. Отан алдындағы борышымды өтеген соң қызметке орналасып, еңбек етіп жүрмін. Биыл 20 жыл толады.

– Кинологке итті бірден бере ме?

– Жұмысқа қабылданған соң алдымен кинологтің өзі біліктілігін арттырады. Кейін Алматы қаласына іссапармен барып, итті аламыз. Қайта Ақтөбеге оралып, 5-6 айлық күшікпен арада қарым-қатынас орнатамыз. Арада біршама уақыт өткен соң ІІМ-нің кинология қызметі орталығындағы оқу-жаттығуымыз үш айға созылады. Арнайы курста есірткі, жарылғыш зат, адам іздеуге деп бөліп, әзірлік жүргізеді. Қазіргі қызметтік серігімнің аты – Барон. Өзім жұмысқа орналасқаннан бері 5-6 итті үйретіп, өнімді жұмыс істедік. Негізі иттің қабілеті мықты болса, жұмысын жалғастыра береді. Шамамен 10 жыл да жүре алады. Ең бірінші үйреткен күшіктің аты – Линда. 8 жыл бірге жұмыс істеп, кейін қартайды.

Фото: Алтынай Сағындықова

– Сіз үйреткен иісшіл ит қай бағытта жұмыс істеуге көмектеседі?

– Есірткі заттарын іздейді. Синтетикалық ескірткі заты, марихуана, героинді де табады. Әсіресе синтетикалық ескірткі мен марихуана жиі анықталады. Ит кез келген ауа райына бейімделген. Ғимарат, көлік іші, далалықта да еркін жүреді. Күн мен түнге де қарамайды.

– Итті қалай үйретесіз?

– Ит ойыншық іздеп үйренеді. Сондықтан да ол ескірткі деп емес, өз ойыншығын іздейді. Ол үшін шүберекке ескірткіні қойып, иісін сіңіріп, әрі қарай ойыншық ішіне ораймыз. Ит бір рет сезген исін өмір бойы ұмытпайды. Көбіне бельгиялық қысқыр ит (овчарка-ред.) іздеуге жақсы бейімделеді.

– Барон атты итті үйретіп жүргеніңізге қанша уақыт болды?

– Баронды 2024 жылы күшік кезінде алып, үйреттім. Жеткен жетістігіміз көп. Былтыр ІІМ-і кинологтер арасында байқау ұйымдастырып, бірінші орынды жеңіп алдық. 2025 жылы қылмыс болған жерге 30 рет шығып, соның тең жартысында нәтиже көрсетті. Қазіргі кезде күн сайын шақыртуға барамыз, іздеу жұмысын жүргіземіз. Ескірткімен қатар иттер адам, жарылғыш зат іздейді.

Фото: Алтынай Сағындықова

– Бір-біріңізді қалай түсінесіздер? Иттің ескірткі затын тапқанын қалай білесіз?

– Белгі береді. Ит тырнайды, кейде үреді. Қазір қауіпсіздік күшейіп, үйрету әдісі өзгерді. Егер ит жасырған затты тапса, сол жерде қозғалмай тұрады. Себебі көлікті тырнап, жырып жібермеу керек, жарылғыш зат болса іске қосылып кетпеуі тиіс. Күшік кезінен алғанда 6-7 ай бойы тамағын беріп, қыдыртып, адамдар арасына алып шығамыз. Содан кейін ғана тапсырмалар жүктеп, үйретеді. Иттің де мінезі бар. Кейбірі жуас, кейбірі қабаған. Қабаған итті адамдарды ұстау, кепілге алғанда босату операциясы кезінде қолданады. Ал сабырлы иттер есірткі затын іздейді.

– «Итімді үретіп берші» деп қолқа салатындар бар ма?

– Үйде бір ит бар. Бірақ оны үйретпеймін. Адамдар өтініш айтқан кезде де интернеттен қарап, үйренуге кеңес беремін, кейде жөн сілтеймін. Көбіне «тәтті тағамдар», дайын астың орнына шұжық беруге болады. «Отыр» деп бұйырғанда айтқанды екі етпесе тамақты немесе ойыншықты береді. Сөйтіп алдап-сулап, ойнап дегеніңе көндіруге болады. Қорқытып-үркіту, ұру нәтиже бермейді. Ыммен түсіндіреміз, сөйлейміз.

Фото: Алтынай Сағындықова

– Кинолог итті таңдай ма, әлде иттің ыңғайына қарай кинолог бекітіле ме? 

– Ит пен адам бір-бірін ұғатындай таңдау жасалады. Қабағат итті мінезі жайлы, сабырлы кинолог алады. Ал жуас итті талапшыл кинолог үйретеді. Ит пен кинологтің мінезі бір-біріне ұқсамауы тиіс. Ол кезде екеуі бір-бірін түсіне алмай қалады. 

Айта кетейік, Ақтөбедегі кинология орталығында 23 қызметтік ит бар. Былтыр 211 қылмысты ашуға септігін тигізді. Оның 48-і ескірткі затын тапты. Ал биыл 55 қылмыс ашылса, бесеуінде қызметтік ит есірткіні іздеп, тауып берді.

Еске салсақ, 2023 жылы Қазақстан кинологтары одағы Халықаралық кинология федерациясының (FCI) мүшесі атанды.