IT саласындағы талантты жастарды арнаулы органдарға қызметке тартуға ден қойылады

АСТАНА. KAZINFORM — Елде цифрлық қауіпсіздік саласындағы мамандарды қолдауға ерекше назар аударылады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында арнаулы мемлекеттік органдарының қызметі мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде депутат Болат Керімбек мәлім етті.

Фото: Kazinform

- Бүгінде қарапайым азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда интернет-қылмысқа қарсы тиімді күрес жүргізу жұмысы өте маңызды. Әр адамның жеке дерегінің, қаржысы мен күнделікті цифрлық өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті. Ал бұл қызметті тиімді атқару заманауи цифрлық құзырет пен аналитикалық дағдылары бар жоғары білікті кадрларсыз мүмкін емес. Сондықтан заң жобасында IT саласындағы талантты жастарды, қабілетті мамандарды арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тарту тетігі ұсынылады, - деді Б. Керімбек.

Оның айтуынша, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, IT-мамандарды тартуда икемді тәсілдерді қолдану мемлекеттік институттардың инновацияларды тезірек енгізуіне, цифрлық дамудың тиімділігін арттыруына мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, отандық IT-компаниялар мемлекетке кәсіпорындарда цифрлық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетеді.